Бағдаршам, Журналист, Алтын белгі. 17 маусымның топ жаңалықтары

Автор: редактор 17 июня, 2024


Кеш жарық, көзі қырақты қыздар мен жігіттер!

📌 Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз.

1️⃣ Қазақстанда 7 420 түлек «Алтын белгі» алды.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрілі мәлімет берді.

2024 жылы 11 сыныпты 186 мың түлек бітірді. Оның ішінде 7 420 адам «Алтын белгі» белгісімен марапатталса, 13 727 түлек жалпы орта білім туралы үздік аттестатқа ие болды.

Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024 жылы «Алтын белгі» белгісіне 7 704 түлек үміткер болғанын айтқан болатын.

Бұл қатарда сіз барсыз ба?😍 Алған жандарды марапатымен құттықтаймыз!

2️⃣ Бағдаршамның сары түсіне өткендер емтихан тапсырады.

Көлікпен бағдаршамның сары түсіне өтсеңіз, жүргізуші куәлігінен айырылуыңыз мүмкін. Айыппұлы да қомақты, деп хабарлайды 24kz.
Астаналықтар қазір сары түске тоқтауға дағдыланған. Мамандардың айтуынша, нәтиже де бар.

Бағдаршамның сары түсіне бірнеше мәрте өткен жүргізушілер емтихан тапсырады. Ал емтиханнан құласа, куәлікпен қош айтысады. Бұдан бөлек, 55 мың теңгеден астам айыппұл төлеуге тиіс.

«Егер де бір жылда екінші рет осындай әкімшілік құқықбұқзушылық жасайтын жағдайда ол азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 591-бабы 2-бөлімімен жауапкершілікке тартылады. 15 айлық есептік көрсеткіш түрінде және де жүргізушіні жол жүру ережесі білімін тексеру нәтижесінде емтиханға жолдайды. Егер емтиханды тапсыра алмаған жағдайда 6 айға жүргізуші куәлігі тоқтатылады», — дейді Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұманов.

Оның айтуынша, бағдаршамның сары түсіне айыппұл рәсімделгеннен бастап оң нәтижесін беріп жатыр. Наурыз айынан бастап енгізген уақыттан қазіргі таңға дейін ондай себептермен екі ғана, екі жол-көлік оқиғасы ғана тіркеліп, екі адам дене жарақатын алды. Ал бұған дейін, яғни, сары түсті кіргізбей тұрғанға дейін былтыр 23 болатын, 23 жол-көлік оқиғасы болып, 23 адам дене жарақатын алған.

Ережені сақтап жүріңіздер!📌

3️⃣ Журналистер арасындағы байқауда жеңімпаз 1 млн теңге алады.

Байқауды Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен қалалық Коммуникациялар қызметі ұйымдастырады.

Астана туралы 2023 жылдың 1 маусымынан 2024 жылдың 23 маусымына дейінгі кезеңде жарияланған/эфирге шыққан мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі материалдар қабылданады. Бір қатысушы конкурсқа 1 материалдан артық емес және тек бір номинация бойынша ұсына алады.

Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:

1) «Үздік журналист-сарапшы» – елорда туралы баспа басылымдарында жарық көрген сараптамалық материалдар;
2) «Үздік шолушы» – Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы интернет-басылымдардағы материалдар;
3) «Үздік радиорепортаж» – Астанаға арналған радиосюжеттер;
4) «Үздік телесюжет» – қала өмірі туралы телесюжеттер;
5) «Үздік мобилограф» – аэро түсірілімді қолдана отырып, мегаполис өмірі туралы бейнероликтер;
6) «Үздік фоторепортаж» – Астана туралы фотосуреттер;
7) «Әлеуметтік желідегі Астананың 25 жылдығы туралы үздік материал» арнайы номинациясы – әлеуметтік желідегі үздік материалдарды анықтауға бағытталған. Әлеуметтік желілердегі (Facebook, Instagram және TikTok) танымал топтар мен пабликтер қатысуға өтініш бере алады;
8) «Астана қаласы Маслихаты жайлы үздік материал».
Номинациялар бойынша жеңімпаздарды белгілі журналистерден, медиа-сарапшылардан және елордадағы осы саланың құрметті өкілдерінен құралған конкурстық комиссия айқындайтын болады.
Ең үздік жұмыс ақшалай сертификаттармен ынталандырылады. Бірінші орын – 1 миллион теңге, екінші орын – 500 мың теңге, үшінші орын – 300 мың теңге.

Өтінімдер 2024 жылдың 23 маусымына дейін қабылданады.

Конкурсқа қатысу үшін sluzhbakommunikatsiy@mail.ru  поштаға келесі деректер жіберу керек:
* Т.А.Ә.
* жұмыс орны;
* мақалаға сілтеме немесе фото / видео материал;
* номинациялардың қайсысына үміткерсіз;
* байланыс деректері.
Ұйымдастыру комитетінің байланыс телефоны: +7 (778) 812 25 60.

Сіз де бақ сынап көріңіз!🔥