Былапыт сөз, Оқушылар, Стипендия.6 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 06 Наурыз, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!📌

1️⃣ Қоғамдық орында былапыт сөз айтқандарға салынатын айыппұл мөлшері өсті.

Қазақстанда қоғамдық орындарда былапыт сөз айтқандарға (ұсақ бұзақылық) салынатын айыппұл төрт есе өсті. 6 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енеді.

Енді былапыт сөздер үшін айыппұл мөлшері – 69 000 теңге (бұрын 17 250 теңге болған) немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу.

Еске салайық, түзетулер алғаш ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Президент түзетулерге 2023 жылдың 3 қаңтарында қол қойған болатын.

Енді айыппұл мөлшері – 69 000 теңге болды.

Абай болып жүріңіздер!📌

2️⃣ Президенттік степендия 2023 жылы мыңнан астам студентке беріледі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылға арналған стипендиясын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арасында бөлу туралы» бұйрық әзірледі.

Стипендиялар қазақстандық жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына бөлінеді.

Мәселен, басқа жоғары оқу орындарына қарағанда, бұл степендиямен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті көбірек қамтылған – 100. Сондай-ақ университеттің магистранттарына 2 степендия тағайындалған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 94 степендиядан бөлінген.

М. Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан университетiнің 60 студенті президенттік степендияға ие бола алады.

Ал А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіне 55 степендия бөлінген.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетiне 47, Халықаралық білім беру корпорациясына 35, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 34 степендия бөлу көзделген.

Барлығы 55 жоғары оқу орнының студенттеріне 1005, магистранттарға 7 президенттік степендия тағайындалады.

Құжат 20 наурызға дейін талқылау үшін Ашық НҚА сайтында жарияланған.

Қазақстан Республикасы Президентінің шәкіртақысы 3 курстан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде де, ақылы негізде де тек «өте жақсы» оқитын күндізгі бөлімнің студенттеріне беріледі.

Стипендия мынандай санаттағы студенттерге беріледі:

* республикалық және халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық байқаулардың, спорттық байқаулардың, фестивальдердің жеңімпаздары немесе жаңалықтардың, өнертабыстардың авторлары;
* ғылыми еңбектер жинақтарында, республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда мақалалары жарияланған;
* ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысатын, жетістігі дипломдармен, мақтау қағаздарымен, сертификаттармен, куәліктермен расталған;
* университеттің қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсенді қатысатын студенттер.

Студенттерге арналған президенттік шәкіртақы мөлшері 73 320 теңге; магистранттарға – 173 974 теңге.

Сенің де тізімге ілігіп кетуіңе тілектеспіз!🙌🏻

3️⃣ Абай облысында мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшті.

Абай облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты мектеп оқушылары мен колледж студенттері уақытша қашықтан оқуға көшірілді.

«Абай облысында 6 наурыз күні ауа райының нашарлауына байланысты Семей, Курчатов, Бесқарағай, Бородулиха, Аягөз, Жарма аудандарындағы І-ІІ ауысымдағы 1-11 сынып оқушылары, сонымен қатар Семей колледждерінің 1-2 курс студенттері қашықтан оқытуға көшірілді», – делінген Абай облысы әкімдігінің хабарламасында.

Бұған дейін синоптиктер облыста жаңбыр мен қар түріндегі қатты жауын-шашын, екпіні секундына 25 метр болатын күшті жел және облыстың басым бөлігінде көктайғақ болады деп болжаған еді.
Синоптиктер дүйсенбі күні Абай облысында ғана емес, Қазақстанның басқа да бірқатар аймақтарында дауылды ескерту болады деп болжап отыр.

Сен жақта ауа райы қандай?🤔