«Үйде жатпа» күнтізбесі. 26 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 26 декабря, 2023


🎄26 желтоқсан — Халықаралық сыйлық күні. Дәл осы күні үлкен және кішігірім дүкендерде тауар сатылымы өте жоғары болады. Мерекенің пайда болу тарихы Еуропадан бастау алды. Орта ғасырдың бай адамдары арасында Рождество алдында бір-біріне сыйлық табыстау рәсімі аталып өтті. Ал мерекеден кейін жұмысшылары мен қызметкерлері де арнайы сыйлықтармен олжаланды. Бүгінде бұл дәстүр жаңа бағытта жалғасын тапты. Мәселен, мереке алдында сыйлықтар туған-туысқа, дос-жаранға, кейін әріптестер мен көршілерге беріледі. Ендеше бүгін еліміздегі дүкендер де осы бастамаға қосылып, үлкен жеңілдіктер жасайды деп үміттенеміз.

 

Ал сіз туыстарыңыз бен жақындарыңызға сыйлық дайындадыңыз ба?

🫣19 жыл бұрын қазіргі цунами тарихындағы ең қауіпті оқиға орын алды. 2004 жылдың 26 желтоқсанында таңғы сегіз шамасында 9.1 баллдық жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің ошағы Индонезияға жақын мұхит түбінде орналасқандықтан, оның күші бастапқыда қатты сезілмеді. Алайда бірнеше сағат өткеннен кейін цунами толқыны бүкіл Үнді мұхитынан өтіп, Африкадан Тайландқа дейінгі жағалауды қамтыды. Осылайша туристік маусымның шарықтау шегінде тұрған 14 ел ауыр соққыға ұшырап, 230 мыңға жуық адам қаза тапты. Зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар да болды.

 

👏2018 жылы 26 желтоқсанда Түркияның Болу қаласында әйгілі «Көроғлы» түркі эпосына арналған ескерткіш орнатылды. Қазақ мүсіншісі Мұрат Мансұров жасаған туынды атақты халықаралық саябақта орналасқан. Салмағы 500 тонна және биіктігі 70 метр болатын алып мүсін Түркияға бөлік-бөлігімен жеткізілді. Жобаның аннотациясын белгілі ақын Олжас Сүлейменов жазды. «Көроғлы» — XVII ғасырда қалыптасқан Орталық Азия мен Таяу Шығыста таралған түркі халықтарының фольклорлық-эпикалық ескерткіші.


👥26 желтоқсан өмірге келген танымал түлғалар. 129 жыл бұрын қазақ саясаткері Тұрар Рысқұлов (1894-1938) дүниеге келді. Қазақ зиялыларының жарқын өкілі 1916 жылы Орталық Азия халықтарының ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты. Кеңес заманында Түркістандағы түркі этностарының бірлігін сақтау мәселесін бірнеше рет көтерді. Ол Түркістандағы түркітілдес халықтардың біртұтас халық екенін, ал Түркістан Орталық Азияны мекендеген түркі тілдес халықтардың ортақ үйі екенін алға тартты. 1932-1933 жылдары Сталинге жазған хатында Голощекин саясаты салдарынан ашаршылыққа ұшыраған туған халқының тағдыры туралы ашық жазады. Нәтижесінде Қазақстанды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. 1938 жылы “Халық жауы” деген айып тағылып, ату жазасына кесіледі. Сондай-ақ бүгін америкалық актер және рок – музыкант Джаред Лето 52 жасқа толды. Өнер иесі көптеген марапаттың иегері. Соның ішінде «Оскар», «Алтын глобус» және АҚШ киноактерлер гильдиясының сыйлығын атап өтуге болады. Оған «Александр», «Оружейный барон», «Дом Gucci» және «Морбиус»фильмдеріндегі рөлі үлкен танымалдылық әкелді.

Сіздің қалаңызда Тұрар Рысқұловтың есімімен аталған қандай орындар бар?