Адамда кездесетін 4 темперамент: Сен қай топқа жатасың?

Автор: редактор 30 мая, 2022


📌 Темперамент — адамның мінез-құлқын, болмысын, ерекше қасиеттерін анықтауға мүмкіндік беретін психолргиялық сипаттау түрі. Бұл көп жағдайда адамға туа бітті берілетін қасиет. Себебі темперамент адамда тұрақты болады. Сонымен қатар ол өзгеріске ұшырамайды.

Әр адамның өзіне тән темпераменті болады. Ендеше толығырақ тарқатып өтейік.

🟢 Темпераменттің 4 түрі бар.

1️⃣ Холерик

Мұндай адамдар шапшаң, шыдамсыз әрі тым белсенді болып келеді. Оларда психикалық процесс жылдам өтеді. Нақтырақ айтсақ, күйгелектік мінез холериктерге тән. Олар жұмыс істеуге жоғары қарқынмен кіріседі. Алайда күш-қуаты таусылса, жұмыс істеуге ниеті болмайды. Адамдармен қарым-қатынаста тынымсыз, шағымданғыш болғандықтан, олар бар жерде ұрыс жиі болады.

2️⃣ Флегматик

Флегматиктер баяу, байсалды болады. Олар еш нәрсеге асықпайды. Істі ойланып, төзімділікпен істейді. Жинақылықты, қалыпты жағдайды ұнатады. Өзгерістерді ұнатпайды. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді. Психикалық процесстер флегматикте баяу жүреді. Бұл баяулық оған көп жағдайда кедергі келтіреді. Мәселен, көп дүниені тез есте сақтап, тез ойланып жауап бере алмайды. Кейде флегматиктер жамандықты ұзақ уақыт есте сақтап қалады.

Адамдармен қарым-қатынаста флегматик бірқалыпты, байыпты, керек жерде тіл табысады әрі орынсыз сөйлемейді. Көңіл күйі тұрақты болып келеді. Олардың байыптылығы мен байсалдылығы өмірге деген көзқарасынан да көрінеді. Флегматикті ызаландыру немесе эмоционалды әрекет жасау оңай емес. Себебі ол ұрыс-керістен аулақ жүреді. Флегматикті дұрыс тәрбиелесе, іскерлікті, талапшылдықты орнатуға болады. Бірақ жағымсыз жағдайларда оларда әлсіздік, жалқаулық пайда болады.

3️⃣ Сангвиник

Бұл тип өкілі — еті тірі, кез келген іске қабілетті, белсенді болып келеді. Мұндай адам ақкөңіл, жеңіл мінезді әрі ренжісе де ашуы тез қайтады. Сәтсіздікті жеңіл өткізеді. Ұжым арасында жүргенді ұнатады, басқа оқушылармен тез тіл табысады. Қысылып-қымтырылмайды, өзін қай жерде болмасын еркін сезінеді.

Сангвиниктер көпшіліктің арасында өз ерекшеліктерін, қасиеттерін айқын көрсетеді. Олар өзіне ұнаған ақпаратты жылдам әрі оңай қабылдайды. Ал қызықсыз және оны оқу үшін көп уақыт қажет болса, онда оны ұзақ уақыт есте сақтай алмайды.

4️⃣ Меланхолик

Бұл темперамент өкілінде психикалық процесстер өте баяу жүреді. Олардың психикасына ауыр, қатты әрі ұзақ күш түссе, жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ меланхоликтер өте тез шаршайды. Бірақ қалыпты қоршаған ортада, мысалы, үйде мұндай адамдар өздерін жақсы ұстап, іс-әрекеттерді жақсы орындайды.

Меланхоликтер өте сезімтал, эмоцианалды, сөзге сараң болып келеді. Сонымен қатар мұндай жандар реніштерін іште сақтап, оларды көп ойлай береді. Бірақ қиыншылықтар бар екенін ешкімге көрсетпейді. Меланхоликтер тұйық, таныс емес адамдармен сөйлеспейді. Жаңа ортада қатты қысылады. Жағымсыз жағдайларда осалдық, қысылу, көңілсіздік, пессимизм пайда болады.