Ахмет Байтұрсынұлы: Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады

Автор: редактор 03 июля, 2023


Ахмет Байтұрсынұлы: Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады

📌Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Ол қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуға көп күш жұмсады. Алғашқы «Әліппе» оқулығының авторы. Сонымен қатар қазақтың әлеуметтік өмірінің барлық саласына назар аударған ірі публицист. Ол қазақтың тілін ғана емес, әдебиетін де зерттеп, халықтың сауатын арттырды.

☝🏻 Ендеше бүгін назарларыңызға ұлт ұстазының бірнеше нақыл сөзін ұсынамыз.

▪️Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.

▪️ Талап – жоқ, үміт – мол бір халықпыз.

▪️Алушы да, беруші де – өзіне жағымды жағын іздейді.

▪️Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы.

▪️ Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қайырымы қайтпаса.

▪️ Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек.

▪️ Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді.

▪️ Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты, я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді.

▪️ Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек.

▪️ XX ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.

▪️ Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.

▪️ Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек.

▪️ Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап, тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз. Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады.

▪️ Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.

▪️ Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.

▪️ Адамға тіл, құлақ қандай керек болса… білім де сондай керек.