Қазақстанның қай жерінде демалуға болады?

Автор: редактор 10 марта, 2022


Еліміздің көз тартар көрікті жерлері жетерлік.

Ендеше бүгін назарларыңа әр өңірдің өзіне тән ерекше орындарының топтамасын ұсынамыз.😍

🟢 Шымбұлақ

Алматыға жолыңыз түссе, қала мен қала маңында жанға жайлылық сыйлайтын демалыс орындарының бірқатары бар. Мәселен, Шымбұлақ тау шаңғы курорты. Бұл Іле Алатауы шатқалында 2510 метр биіктікте орналасқан. Мұнда таудың таза ауасымен тыныстаумен қатар шаңғы тебуге болады.

🟢Медеу

Келесі жасанды мұз айдыны бар дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені — Медеу демалыс орны. Аталмыш орын Алматыдан 18 шақырым жерде орналасқан.

🟢Бурабай

Бурабай табиғаты сұлулығымен, ауасының тазалығымен ерекшеленеді. Ол Көкше жерінде орналасқан ғажайып мекен. Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының «Бурабай» мемлекеттік табиғи ұлттық паркі 2000 жылы тамызда құрылды. Мұнда ең танымал жер — Жұмбақтас пен Оқжетпес орындары бар. Бурабайдың тау-тасы, көлі, жазық даласы ертегілер мен аңыздарға толы.

«Жұмбақтасты» бір қырынан қарасаң – бұрымды жас қызға балайсың, екінші қырынан қарасаң — орамал тартқан келіншекке балайсың, үшінші қырынан қарасаң – бетіне әжім түскен кемпірге балап таңқаласың.

🟢Байқоңыр қаласы

Байқоңырда ең әрі космодромдардың бірі орналасқан. Туристер арасында Байқоңыр ғарыш алаңы тарихының мұражайы, Халықаралық ғарыштық мектеп, Гагариндік ұшу алаңы, ғарышкерлер аллеясы танымал.

🟢Бекет ата жерасты мешіті

Бүгінде мешіт басы күні-түні әулие басына зиярат етушілерден арылмайды. Маңғыстау облысындағы Үстіртте орналасқан Бекет ата жер асты мешітіне арнайы зиярат етіп келушілер көп. Облыс орталығы Ақтау қаласынан Қарақия ойпаты арқылы Жаңаөзен қаласына жетіп, әрі қарай міндетті түрде Шопан ата қорымына соғады. Бұл мешіт үш — төрт қанат киіз үйдің көлеміндей үш бөлме. Бекет атаның мүрдесі осы жерасты мешітіндегі бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған.

🟢Қатон-Қарағай ұлттық паркі

Катон-Қарағай көрікті мекендердің көш басында. Бұл мекенге де ат басын тірейтін туристердің саны артып келеді. Бұл жердегі үйлердің әдеттегі мейманханадан айырмашылығы – оны кез келген ауыл тұрғыны аша алады. Яғни тұрғын өзі тұрған баспананың жартысын туристерге ыңғайлап, оларды күтетіндей жағдай жасайды. Белгіленген 15 маршрут бойынша қонақтарына түрлі саяхат түрін ұйымдастырады