📍 Аллергия басталса, бірден аллерголог дәрігерге қаралғаның жөн. Өйткені арнайы маман сенің жағдайыңды бақылап, дұрыс нұсқаулық тағайындап бере алады. Ал егер дәрігерге қаралмай, дәріханадан аллергияға қарсы дәрі-дәрмекті немесе көз бен мұрынға арналған тамшыларды сатып алар болсаң, ол дәрі саған көмектеспеуі немесе кері әсерін тигізуі мүмкін. Көп адам бұл иммундық дертке аса мән бермей кез-келген дәрілерді пайдаланып жатады. Бұл дұрыс емес. Сондықтан дұрыс ем алып, дәріні дұрыс пайдаланатын болсаң, оң нәтиже беріп сауығып кетуің әбден мүмкін.
📍 Аллергияны қоздыратын көптеген аллергендер бар. Атап айтатын болсақ, шаң-тозаң, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау және де қоршаған ортаның ластығы аллергияның пайда болуына әкеліп соғады. Сондықтан бөлмені жиі тазалап отыру қажет. Тозаң даладан үйге киім, тері арқылы келетіндіктен киімдерді жуып, таза ұстаған абзал.
📍 Күнде ұйықтар алдында басыңды жу және душ қабылда. Себебі өсімдік тозаңы шашқа жабысып не теріңе түсуі мүмкін.
📍 Өз эмоцияңды басқар. Бір қызығы, Нью-Йорк медициналық орталығы жүргізген зерттеулерге сүйенсек, күйзеліске жиі түсетін адамдардың басым көпшілігі аллергияға душар болады екен. Сол себепті өз эмоцияңды басқаруды үйрен.
📍 Мұрынды тазалап отыр. Біз күніне шамамен 17 мың литр ауаны жұтамыз. Ал енді жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттарында қанша микробтар пайда болатынын елестетіп көр. Сондықтан жай сумен немесе суға тұз салып мұрынды шайып отырғаның дұрыс болады.
📍 Дұрыс тамақтануды қолға ал. Иммунитеті әлсіз адам әртүрлі инфекциялық ауруларға шалдығуға бейім келеді. Иммунитетті нығайтудың бір жолы – құнарлы ас ішу. Сол себепті дәруменге бай ет өнімдері, жеміс-жидек және көкөністерді міндетті түрде қабылда. Себебі көмірсу мен ақуызға бай тағамдар ағзадағы жасушалардың қызметін жақсартады. Ал жасушалар бактерияларды жойып, вирусқа қарсы антидене қалыптастырады.