Бизнес әлеміндегі батыл арулар туралы ТОП-6 мотивациялық фильм

Автор: редактор 15 мая, 2025


Бизнес әлеміндегі батыл арулар туралы ТОП-6 мотивациялық фильм

📍 Әйел және кәсіп. Бұрын бұл қос ұғымды қатар қою мүмкін емес сияқты көрінетін. Ал қазір ерлерге ғана тән деп санаған кеңістікті олар біртіндеп өзіне бағындырып келеді. Бүгінде нәзік жандылар компания басқарып, стартап ашып қана қоймай, қаржы нарығында еркін ойқастап жүр. Назарларыңызға әйел рухының мықтылығын, жанкештілігін және іскерлігін паш ететін ТОП-6 фильмді ұсынамыз.

🎞️ Я не знаю, как она это делает (2011)

Бұл – барлық жерге үлгергісі келетін әйел туралы оқиға. Басты кейіпкер Кейт – табысты қор менеджері, үлгілі жар, екі баланың анасы. Ер адамдар кеңседе бір қалыпты жұмыс істеп отырғанда, Кейт таң атысымен-ақ күйбең тіршіліктің қазанын қайнатып үлгереді: тамақ пісіреді, бала күтеді, бастықпен мәселе шешеді, нарықты қадағалайды… Айта берсе, бітпейді. Сырт көзге бәріне үлгеріп жүргендей көрінгенімен, бұл – жай ғана көзбояушылық.

Бәріне бақылау орнатуға тырысқан сайын ол түрлі күлкілі, кейде тіпті қиын жағдайларға тап болады. Жеке өмір мен мансаптағы мәселелер қабаттасып, кейіпкер шын мәнінде ештеңеге үлгермей жатқанын ұғына бастайды. Бұл комедияны көріп шыққан соң, ер азаматтар әйелдерінің “бәріне үлгеру” деген қабілетіне жаңа көзқараспен қарайтыны анық.


🎞️ Компаньон (1996)

Лорес Айрис – өте дарынды қаржы талдаушысы. Ақылына көркі сай, табанды әрі іскер. Алайда ерлер үстемдік еткен корпорацияда әйелді байыппен қабылдай қою қиын. Лорес ұзақ жылдар бойы бір компанияда тынымсыз еңбек етіп, жоғары лауазымға лайық болса да, бұл орынға ер адам тағайындалады.

Амалы таусылып, Лорес жұмыстан кетіп, өз кәсібін ашуға бел буады. Бірақ бизнес бастау одан да қиын болып шығады – нәзік, бірақ ақылды әйелмен ешкім серіктес болғысы келмейді. Сонда ол тәуекелге барып, ойдан құрастырылған “іскер серіктесі” бар екенін жариялайды. Және бұл қадам бәрін өзгертеді.

Бұл фильм – ұзақ уақыт бойы корпоративті әлемде үстемдік еткен ескі түсініктерге қарсы айтылған өткір әрі шынайы жауап.


🎞️ Мелкая (2019)

Джордан Сандерс – ірі компанияда жоғары лауазымды атқарып жүрген басқарушы. Оған тек бір мәміле жасау қалды. Осыдан кейін ол көптен күткен қызметінде жоғарылауы мүмкін. Бірақ таңертең оянғанда бәрі астан-кестен болады. Ол 13 жастағы жасөспірім қызға айналған.

Жетістікке жетуге бірнеше күн ғана қалды, бірақ Джордан берілмек емес. Жағдайды көмекшісі реттеуге тырысып жүргенде, өзі мектеп партасына қайта отырып, өмірге мүлде басқа қырынан қарай бастайды. Ол өз бала күнгі армандарымен бетпе-бет келіп, шын мәнінде кім екенін қайта ұғынады.

🎞️ Джой (2015)

Джой Мангано – Лонг-Айлендтегі жалғызбасты ана. Екі баланы тәрбиелеп, отбасыны асырау үшін әуежайда жұмыс істейді. Үйінде бұрынғы күйеуі, телесериалдарға әуес анасы, махаббатын жаңа бастаған әкесі және бәсекелес әпкесімен бірге тұрады. Ал сіз бұл отбасылық драма деп ойладыңыз ба? Жоқ, бәрі енді басталады.

Жастайынан түрлі жаңалық ойлап табуды ұнатқан Джой өмірдің қиындықтарына қарамай, ерекше бір нәрсе ойлап табады – өзі сығып алуға болатын ғажайып швабра. Бұл – үй шаруасындағы әйелдердің өмірін жеңілдететін жаңалық. Қарсы шыққандар көп болады, сенбейтіндер де табылады, бірақ Джой табандылығымен бизнес әлемінде өз орнын тауып, өз дәуірінің ең беделді кәсіпкер әйелдерінің біріне айналады.


🎞️ Опасная игра Слоун (2016)

Әйелдің саяси алаңда не шаруасы бар? Бірақ Элизабет Слоун сынды жандар дәл осы салаға жаратылған секілді. Ол – аналитик, тактик, айлакер әрі батыл. Лоббистік компанияда жұмыс істей жүріп, кез келген сенатордың көңілін таба алады. Бұл оған – заң жобаларының тағдырын шешуге мүмкіндік береді.

Бір күні ол қаруды бақылау туралы заң жобасын құлатуға бағытталған келісім-шарт алады. Бірақ бұл жолы Элизабет бұрынғы әдетіне қарсы шығады – ол зұлым тапсырыс берушілерге қарсы күресуге шешім қабылдайды. Бұл моральдық таңдаудың құны өте жоғары: мансабы мен еркіндігіне қауіп төнеді.


🎞️ Стажер (2015)

Бен – 70 жастағы жесір, өмір бойы баспаханада еңбек еткен. Зейнетке шыққан соң бос отыруға шыдамай, бір күні егде жастағы стажерлерге арналған бағдарламаға көзі түседі. Осылайша ол About The Fit атты сәнді интернет-дүкенге жұмысқа орналасады. Компанияны жас әрі жалындаған кәсіпкер Джулс Остин басқарады.

Джулс – қазіргі заманның классикалық бизнес-әйелі. Бір жылдың ішінде шағын стартаптан жүздеген адам жұмыс істейтін компания құрған ол жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Бірақ бәріне үлгеру қиын. Сол кезде Бен – шынайы тірек, ақылшы, тіпті дос болып шығады.

Бұл фильм – мансап қуудың шегін түсінуге, тәжірибелі адамның қарапайым, бірақ құнды ақылын тыңдаудан қорықпауға шақырады.