📚 Емтихан алдында оқушылар бірдей қорқынышты басынан өткереді. Мәселен, тым көп жұмыс, уақыттың тапшы болуы, тақырыпты түсінбеу және дайындала алмау, қанша оқыса да басына ештеңе қонбау деген бір нұсқадағы қорқыныштар жалғасын тауып кете береді. Ендеше осы жазбада бойыңдағы үрейді жеңу жолдарын үйретеміз.
📍 Психологиялық дайындық.
Сынақтан сүрінбей өту үшін өз-өзіңмен жұмыс істе. Есіңде болсын, үлкен жетістік жақсы ойдан басталады. Алайда тек ойлап қана қоймай, әрекет ет. Әрекетіңе қарай берекеті болады. Бұл жағдайда медитация жасаудың әсері зор. Рухани жаттығуды жасау барысында ҰБТ-ға қатысты жағымды ойларды көз алдыңа елестет. Не ойлайсың, не егесің, нәтижесінде соны орасың.
📍Мұғалімдердің, алдыңғы аға буынның сөзін жүрекке жақын қабылдама.
Себебі олар көңілге қаяу түсіретін ауыр сөздерді тек жанашырылықпен айтады. Сондықтан түсіністікпен қара. Мәселен, қарапайым өмірде де өзімізге жақын жақындаға ренжіп, ашуланып жатамыз. Сол секілді бұл да бір өтпелі кезең.
📍Өз күшіңе сен.
Осы тұста, Абай Құнанбаевтың “Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап” деген өлең жолын жадыңнан шығарма. Еңбек — бәрін жеңбек.
📍ҰБТ-ға дайындықты бүгіннен баста.
Тек тестте келетін сұрақтарды қамтуға тырыс. Шпаргалкаға уақыт жұмсағанша, материалдарды тағы бір мәрте қарап шық. Сонымен қатар саған кедергі келтіретін адамдармен сөйлеспеуге тырыс. Тыныш жерде отырып, дайындық жүргізгенің абзал.