Ұйқының адам ағзасы үшін маңызы қандай?

Автор: редактор 26 февраля, 2022


Сапалы ұйқының адам денсаулығына физикалық және психикалық тұрғыдан маңызы зор. Дегенмен қазіргі таңда ұйқыға салғырт қарайтын жандардың қарасы көбейіп келеді. Әсіресе, бұл қатарды жастар толықтырып тұр.

Ендеше ұйқының маңыздылығына тоқталып өтейік.

🔺Ұйқының жұмыс өнімділігіне әсері

Дұрыс ұйқы кәсіби және жеке өмірде үлкен жетістіктерге жетуге көмектеседі. Байқасаң, ұйқы қанбай тұрғанда адамның ештеңеге зауқы соқпайды. Кез келген шаруа қиын болып көрінеді. Нәтижесінде баяу қимылдайсың әрі көңіл күйің де тұрақсыз болады. Ал керісінше ұйқы қанып тұрған кезде еңбегіңе береке кіреді.

Себебі ұйқы қанбаса, ми қызметінің жұмысы нашарлайды. Ойың шашыраңқы болып, көру қабілетің мен жадыңа кері әсерін тигізеді.

🔺Ұйқының иммунитетке әсері

Түрлі аурудың бастамасы ұйқының дұрыс болмауынан туындайды. Адам көз ілген уақытта иммундық жүйе цитокин ақуызын жинақтайды. Егер аз ұйықтасаңыз, цитокин түзілмейді. Ал мұның әсерінен вирустар мен инфекцияларды тез қабылдап алуға бейім боласың.

Сол себепті жеткілікті деңгейде ұйықтамасаң, әртүрлі ауруға шалдығатыныңды ескергенің жөн.

🔺Нашар ұйқы — жүрекке кері әсерін тигізеді.

Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, инсульт көп жағдайда ұйқының бұзылуынан орын алады. Егер күнделікті 7-8 сағаттан аз ұйықтасаң, онда жүрек ауруына душар болуың әбден мүмкін.

🔺Ұйқының бұзылуы — күйзеліске және психикалық ауруларға алып келеді.

Себебі күнделікті ұйқысырап жүрсеңіз, мақсатыңызға жету жиілігі төмендей береді. Осылайша, мақсатыңыз қиялға айналып, энергияңыз төмендейді. Сонымен қатар мұндай жандар әрдайым ашуға беріліп, өмірге налып жүреді.

🔺Артық салмақ қосып, семіздікке душар болғыңыз келмесе, ұйқыңызды ретке келтіріңіз.

Себебі ұйқы дұрыс болмаса, грелин түзіледі. Ал бұл аштық сезімін тудыратын гармон. Осылайша адам қалай мөлшерден тыс тамақ жеп қойғанын байқамай қалады. Өйткені шаршаған ми энергияны тамақтан іздейді.

Қанша уақыт ұйықтаған дұрыс? ✔️

Жас мөлшеріне байланысты ұйқының белгіленген режимі бар. Бұған қатысты ұлттық ұйқы қоры мына кеңестерді ұсынады:

🔻0-3 айлық нәресте – 14-17 сағат;
🔻4-11 айлық сәби – 12-15 сағат;
🔻1-2 жасар бала – 11-14 сағат;
🔻3-5 жасар бала – 10-13 сағат;
🔻6-15 жастағы бала – 9-11 сағат;
🔻14-17 жастағы адам – 8-10 сағат;
🔻18-64 жастағы адам – 7-9 сағат;
🔻65 жастан асқандар – 7-8 сағат.