Карточка және Айви Ли әдістері арқылы мақсатымызға қалай жетеміз?

Автор: редактор 21 марта, 2022


⏰ Уақыт — біздің өміріміздегі ең маңызды баға жетпес құндылықтарымыздың бірі. Егер өзіміздің күнделікті өмірімізге зер салатын болсақ, бос уақытымыздың өте көп екенін бағамдаймыз. Сол себепті уақытты үнемді және дұрыс пайдалану үшін күнделікті әрекеттерімізді назарға алуымыз қажет. Ал оның негізгі жолы – жоспарлау.

☝🏻 Бұған қатысты ғалымдар ұсынған түрлі әдістер бар. Олай болса бүгін карточка және Айви Ли техникаларына тоқталамыз.

📌Карточка әдісі

Уақытты жоспарлаудың бұл түрін ресейлік ұйымдастырушы Глеб Архангельский ойлап тапты. Бұл әдіс бойынша кез келген адам карточкалардың көмегімен діттеген мақсатына жете алады.

Нақтырақ айтсақ, мақсаттарыңа байланысты үш түрлі карточка жасайсың. Олар бір-біріне ұқсамауы тиіс.

✔️ Бірінші карточка – стратегиялық бағытта жасалады. Мұнда сен нақты мақсаттарыңды жазасың.

✔️ Екінші карточкада бір жылға немесе бірнеше жылға арналған жоспарың болады.

✔️ Үшінші карточкада күнделікті жоспарларың мен мақсаттарың жазылады. Бұл күнделікті әрекеттеріңе байланысты өзгеріп отырады.

Аталмыш әдістің артықшылығы — барлығы қарапайым жолмен тез құралады.

Ескерте кететін жайт, маңызды істерге әрдайым назар аудар. Сонымен қатар ұмытып кетпеуің үшін жоспар құрып отыр.

📌Айви Ли әдісі

Бұл америкалық ғалым Айви Ли ұсынған ең тиімді әдістердің бірі. Ол басталған іс аяқсыз қалмауы үшін күніне тек 6 тапсырма жоспарлау қажет екенін айтады.

✔️ Жұмыс күні аяқталар уақытта ертеңгі күнге арналған маңызды 6 тапсырманың тізімін жасап қой. Сонымен қатар оларды маңызына қарай жіктеп орналастыр.

Айви Ли әдісі жоспарлауды жеңілдетеді. Ал күнделікті жетістікке жетіп отыру үшін зейініңді белгілеген маңызды тапсырмаларға қойып үйрен.