Кредитті төлей алмаған жағдайда не істеуге болады?

Автор: редактор 13 Сәуір, 2023


👋🏻 Достар! Бүгін #қаржысауаты айдарында кредит туралы тақырыбымызды ары қарай жалғастырамыз. Яғни, кредитті алғаннан кейін, оны төлеуге қиналып қалсаңыз, қалай әрекет ету керек, сол жайында әңгімелесеміз.

💸 2023 жылдың басындағы статистика бойынша елімізде 7 миллион адамның басында кредит бар екені анықталды. Жеке тұлғаларға берілген жалпы несие портфелі 13,9 триллион теңгені құрады. Соның ішінде 530 мың адам несиені 90 күн бойы төлей алмай жүрген. Нәтижесінде, проблемалық кредиттердің ақшалай көлемі 460 миллиард теңгеге жетті.

💸 Кредит – Қазақстанда ең танымал банк өнімі. Бірақ несие міндетті түрде қайтарылым принципіне негізделген. Яғни, банктен алған соманы үстіне пайызын қосып қайтару керек. Егер сома үлкен болса оны қайтаруға кепілзат – үй, көлік, басқа да құнды заттар қойылады. Тиісінше, өзара мәмілеге сай, егер сіз кредитті қайтармасаңыз, банк кепілзатты саудаға шығарып, қарызды өндіріп алуға толық құқылы.

📌 Уақытша қиындықтар туындап, кезекті төлемді кешіктіріп жатсаңыз қайтпек керек?

1️⃣ Тез арада банкпен келіссөздер жүргізіңіз

Ешқашан банктен, сізді іздеген банк менеджерінен қашпаңыз. Бұлай жағдайды ушықтырып аласыз. Себебі сізбен байланысып, хабар ала алмаған банк кепілзатты өндіріп алу процесін бастап кетуі мүмкін. Осылайша кепілзаттан айрылып, артық шығынға батасыз.

Банкке барып жағдайды түсіндірген абзал. Сізге қарызды қайта құрылымдаудың, шегерудің түрлі әдістері ұсынылатын болады. Оның ішіне шегерім беру, несие мерзімін ұзартып, айлық төлемдерді жеңілдету сынды жолдары болады. Соның өзіңізге ыңғайлысын таңдап алып, екі жақты мәміле жасауыңыз қажет.

2️⃣ Ауыр жағдайда қалғаныңызды дәлелдеңіз

Қазіргі уақытта ай сайынғы соманы төлей алмай отырғандығыңызды құжат бойынша дәлелдеу керек болады. Сондықтан қолда бар құжатты банк менеджеріне көрсетуіңіз тиіс. Ол жұмыстан шығып кеткеніңіз туралы бұйрық, ауырсаңыз еңбекке жарамсыздық парағы болуы мүмкін. Банк менеджері оны сіздің қолдан жазылған өтінішіңізге тіркеп, тиісті шешім шығаруға жіберетін болады.

Қиын жағдайға тап болып, ипотеканы төлей алмасаңыз қорықпаңыз. Бастысы – өзіңіз осы жағдайды мойындауыңыз керек. Қиындықтардың бәрі уақытша ғана. Оны еңсеріп шығу сіздің қолыңыздан келеді!