Мырзагелді Кемел: Аспанға тас лақтырма, төбеңе қайтып түседі

Автор: редактор 15 мая, 2023


📌 Мырзагелді Кемел — жазушы әрі қоғам қайраткері.

📚 Руханият саласында 10 кітап шығарған, олардың ішінде өзі жазған ізгілікке, имандылыққа, білім-білікке, ақыл-парасатқа үндейтін танымдық-көсемсөздік еңбектерге қоса, қытай ойшылдары Лао Цзы мен Конфуцийді, испан пәлсапашысы Бальтасар Грасиан, ежелгі үрім және грек ақылмандарының афоризмдерін, қазіргі ілімдерді насихаттаушы Луиза Хей, бүгінгі күннің ең атақты жазушыларының бірі Пауло Коэлъолардың таңдаулы еңбектерін қазақ тілше тәржімалаған.

«Дүние» және «Экология и устойчивое развитие» журналдарын шығаруға. «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ» сияқты кітаптары оқырман қауымнан жоғары бағасын алған.

📌 Ендеше жазушының “Абзалдық әліппесі” атты кітабынан көпшілікке ой салатын нақыл сөздерін ұсынамыз.

▪️Сыннан қорықпа, сын тазартады. Сыншылар қашанда толып жатады. Әрқайсысының әртүрлі мақсаты бар: біреулер көре алмағаннан, біреулер шынымен келісе алмай айтады.

▪️Адам баласының бойындағы ең нашар қасиет- күншілдік. Күншіл болма, ол неге менен озып кетеді деме, мен неге оған жетіп озып кетпеймін де.

▪️Біреу мақтай қалса күпінбе. Мақтауға лайықсың ба, жоқ, бекер айтылып тұр ма, ішің біліп тұрады, өзіңді алдама.

▪️Өзіңді-өзің тежеуді үйрен және оны ұдайы жаса, себебі өзін-өзі тоқтата алмайтын адам тежегіші жоқ машина секілді.

▪️Шыдамсыз болма. Шыдамсыздарға қымбатқа түсетін нәрсені шыдамдылар тегін пайдаланады.

▪️Екі нәрсе есіңде болсын: лажы барынша мұң шақпа және ешкімнен ештеңе тіленбе. Көбісі мұңынды бәрібір түсінбейді, сөз етеді, көңілің қалады. Кімнен, нені, қай көлемде сұрағаның- сенің ақыл-парасатыңның, мүмкіндігіңнің, ұятыңның өлшемі.

▪️Жақсылық та, жамандық та бойға  біртіндеп сіңеді. Бара-бара оған қалай көндігіп, билігіңнен айырылып қалғаныңды білмей қаласың.

▪️Аспанға тас лақтырма, төбеңе қайтып түседі.

▪️Ашумен басталған іс ұятпен тынады.

▪️ Өзіңде бардың барлығын бір-ақ рет көрсетіп қойма, ертең де күн бар. Адам-жұмбақ, ол түгел шешіліп болған соң, қызық болмай қалады.

▪️ Кеудеңе өкпе-реніш жинама. Көзе тамшыдан толады, кеудеге де зіл біртіндеп жиналады.