Назарларыңа қаржылық сауаттылықты арттыратын ТОП-3 кітапты ұсынамыз📚

Автор: редактор 16 марта, 2022


📕 Вавилондағы ең бай адам (Самый богатый человек в Вавилоне)

Бұл кітап 1926 жылы жазылған. Авторы – Джордж Самуэл Клейсон. Мұнда Ежелгі Вавилондағы оқиғалар сипатталады. Кітап авторы өзінің бір әңгімесінде «Адамның байлығы оның әмиянындағы теңгенің санымен өлшенбейді. Байлық оның табысына байланысты айқындалады», – деген екен.

Осылайша, ол табыс саяхаттағаныңа немесе қажетті заттарыңды алғаныңа қарамастан көбеюі керек деген тұжырымға келеді. Клейсонның аталмыш кітабы әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, ең үздік туындылардың қатарына енді. Бүкіләлемдік бестселлерге айналған туындыда байлыққа қатысты ежелден келе жатқан ережелер айтылған. Сондықтан бұл әрбір миллионер оқыған кітап деп есептеледі.

Туынды өте қарапайым әрі түсінікті тілде жазылған. Бұл жерде қаржыңызды жоспарлауды, табысыңызды сақтауды және оны үнемдеуді үйретеді. Мұны «байлық әліппесі» деп те атайды. Себебі аталмыш кітап жүз мыңдаған адамға қаржылай тәуелсіз болуға көмектесті. Сен де оқып, миллионерлердің қатарына қосыл!

📗 Бай әке, кедей әке (Богатый папа, бедный папа)

Бұл америкалық кәсіпкер, инвестор, жазушы Роберт Кийосакидің 26 млн данамен тараған бүкіл әлемге танымал кітабы. Туынды ақшаны дұрыс жұмсап, сауатты басқарғысы келетін адамдар мен жас кәсіпкерлерге арналған. Мұнда Роберт Кийосакидің басынан өткен оқиғалары баяндалады. Кітаптың мақсаты Роберттің балалық шағында ақшаға байланысты айтылған екі түрлі тәрбиелік көзқарасына негізделеді. Бірі — білім министрі болып қызмет еткен өзінің туған әкесінің тәрбиесі болса, екіншісі — Майк атты досының бизнесмен әкесі. Ол Гавай аралдарындағы ең бай адамдардың бірі болады.

Бірінші әкесі «Жақсы оқы, жақсы мекемеге жұмысқа тұрасың» деп өсиет айтса, екіншісі: «Мықты оқы, кейін жақсы компания тауып, оны сатып аласың» – деді. Осылайша тәрбиелік жолда екіншісін таңдаған Роберт қаржылық жолда үлкен жетістіктерге қол жеткізеді.

📘 Қаржылық еркіндікке апаратын жол (Путь к финансовой свободе)

Белгілі бизнес-кеңесші Бодо Шефердің аталмыш кітабы адамдарды қаржылық еркіндікке жетелейді. Автордың пікірінше, егер адамның басында қаржылық мәселе болса, ол ақша туралы көп ойлай бастайды. Сонымен қатар ол байлар мен кедейлер банктегі шоттың мөлшерімен ғана емес, ойлау қабілеттерімен де ерекшеленетінін айтады. Себебі ой арқылы энергия пайда болады. Ал энергияға байланысты ақша келеді.

Автор табысты арттыруға байланысты бірнеше кеңес ұсынады. Нақтырақ айтсақ, тапқан табыстың белгілі бір пайызын үнемдеп отырасыз. Табысыңызды арттырып, оның да белгілі мөлшерін үнемдеуді әдетке айналдырасыз. Кітапта осыған қатысты көптеген ақпараттар айтылған. Оқып шықсаң, қаржылық еркіндікке ерте қол жеткізетініңе сенімді бол!