📌 Рамазан айы — адамның жақсы жаққа өзгеруіне септігін тигізетін ең тиімді уақыттың бірі. ✔️ Сол себепті дұрыс жоспар құру арқылы, жаман әдеттерден бас тартып, пайдалы дүниеге бет бұруыңа мүмкіндік бар. Олай болса, қасиетті айды қалай өнімді өткізуге болады?
🟢 Ең бірінші — ниет. Себебі барлығы ниеттен басталады. Сонымен қатар жасап жатқан ісіңнің несібесі ниетіңе байланысты беріледі. Не нәрсеге ниет еттің? Осыған мән бер.
Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, содан соң – күш керек, содан соң – тәртіп керек» деген ой саларлық нақыл сөзі бар. Сондықтан ең алдымен ниетіңді жақсылыққа бұрып, шын жүрегіңмен әрекет ет. Ниетіңе байланысты несібеңнің берілетінін есіңнен шығарма.
🟢 Нақты мақсат қой. Егер мақсатың болса, әрекет те болады. Ал әрекетің жүйелі болуы үшін тәртіп керек. Сондықтан мына сұрақтарға жауап бер.
❓30 күнде қалай өзгеремін? Қай жағынан дамығым келеді? Қандай әрекеттерді қолға алуым керек?
Мәселен,
— күніне Құранның бес бетін оқу;
— Күн сайын бір сүрені жаттап отыру;
— Ұйқы режимін қалыпқа келтіріп, ерік-жігерді арттыру.
Бұл мақсаттарыңды арнайы қойын дәптер бастап, жазып қой. Мақсат саны көп болып кетпесін. Себебі саны көп болғанымен, оның орындалу ықтималдығы төмен болады. Осылайша сапасы жоғалады.
🟢 Үшінші әрекет жоспарлау. Нақты мақсаттарыңның уақытын жоспарла. Әр күнге кесте құрып, жасалу керек әрекеттің уақытын белгіле. Сонымен бірге әрқайсысына 1-1,5 сағатыңды арна. Бұл жерде алдыңғы жазбаларда айтып жүрген “Помидор” әдісін қолдануыңа болады. 1 сағат жұмыс істеп, 10 минут үзіліс жасайсың. Осылайша уақытыңды үнемдеуге болады.
🟢 Таңғы уақытты тиімді пайдалану. Ұйқыға ерте жатып, таң намазынан кейін ұйықтамауға тырыс. Қазақта “Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық” деген мақал бекер айтылмаған. Себебі таңғы уақытта іс өнімді болады. Ми белсенді жұмыс атқарады.
🟢 Бос әңгімеден, артық әрекеттен аулақ болу. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік желіге аз уақытыңды арнап, пайдасыз әңгімеден бойыңды аулақ ұста. Өйткені рамазан — оңашалану айы. Керісінше Алламен байланысыңды күшейтіп, қайырымды істерге көп көңіл бөл. Мәселен, 30 күн бойы тұрақты түрде садақа беріп отырсаң, жолың ашылып, ризығың көбейеді.