Өз ісіңізде үздік болудың 5 жолы

Автор: редактор 10 июля, 2023


Өз ісіңізде үздік болудың 5 жолы

1️⃣ Уақытты дұрыс жоспарлаңыз.⏰

Кайдзен адамдарға асықпай, бірақ тұрақты түрде дамуды үйретеді. Жапонияның әйгілі жоспарлау әдісінің мақсаты – үздіксіз даму және күнделікті алға жылжып отыру. Осылайша, кішкентай қадамдармен, үлкен нәтижеге қол жеткізу.

Кайдзен бойынша уақытты басқару өте тиімді. Себебі сіз белгіленген жоспар бойынша уақытты дұрыс белгілеуді үйренесіз. Осы арқылы көптен бері қалып қойған жұмыстарыңыз алға жылжиды.

Күн сайын сізге қиын болып көрінетін кез келген іске бір минутыңызды арнайсыз. Мәселен, кітап оқу, шет тілін үйрену, сурет салу. Бұдан кейін сылтау айтуды доғарасыз және жалқаулыққа жол бермейсіз.

2️⃣ Мақсаттардың тізімін жазу. ✍🏻

Тек ойда жүрген мақсатыңның орындалуы екіталай. Түбінде ол жай ғана арман болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан арнайы дәптер бастап, мақсаттар тізімін жазып шық. Аралық мақсат қойып, оны кіші мақсаттарға бөлеміз. Кіші мақсаттарды кезеңдерге жіктеп, нақты қадамдарын жазамыз.

Мақсатты жүзеге асыру үшін «менің қолымнан келмейді» емес, «мен жасай аламын» деген ұстанымды басты назарға ал. Мәселен, электр шамын жасау үшін Томас Эдисон 10 000 рет қателесті. Уолт Дисней әйгілі Диснейлендті құру үшін 303 рет банктен «жоқ» деген жауап естіді. «Гарри Поттердің» авторын қаншама баспагер қайтарып жіберді. Міне, бүгінде олардың әлемге әйгілі болуының басты құпиясы өз арманы мен мақсаттарына деген сенімінде болды. Сондықтан сен де өз мақсатыңа адал бол! Оған сен!

3️⃣ Ерте ұйықтап, ерте тұруды әдетке айналдыр.🌤

“Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», – деген қазақтың аталы сөзі көпшілікті ерте тұру мәселесіне бей-жай қарамауға шақырады. Ұйқыдан ерте тұрудың пайдасы көп. Ерте тұру – күні бойы сергек жүрудің бір жолы. Таңертең жұмыс істеу – түнде жұмыс істегенге қарағанда әлдеқайда нәтижелі болатынын есіңнен шығарма. Сонымен қатар таңмен таласа тұрсаң физикалық тұрғыдан өзіңді белсенді сезінесің.

4️⃣ Спортпен айналыс. 🏃🏻🏃🏻‍♀️

Жетістікке жетіп, үздік болудың тағы бір тәсілі – спорт. Адам дене жаттығуларымен айналысқан сәтте оның миында жаңа нейрондар байланысы түзіледі. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты әрі шыдамды болады. Денені шынықтырмай, спортпен шұғылданбайтын болсаң, өзіңді шаршаңқы сезініп, жалқаулық орын ала бастайды. Еш нәрсеге зауқың болмай берекетің қашады. Басың ауырып, әлсіздіктер пайда бола бастайды. Тіпті, тамақ ішуге де зауқың соқпайды. Өйткені ас қорытылмайды. Ұйқың да қашады.

5️⃣ Миды жаттықтыр.🧠

Үздік болу үшін мидың азығын да естен шығармау керек. Бұл — кітап. Күнделікті 20-30 минут кітап оқып, оны дәптерге түсіріп, оқиғаны өз-өзіңізге баяндап беріңіз. Сондай-ақ сөзжұмбақтар мен логикалық сұрақтарды көбірек шешіңіз. Сүйікті ақындарыңыздың өлеңдерін жаттап алыңыз. Шет тілдерін меңгеріңіз. Дәл осы жаттығуларды жасай отырып, ми жұмысын жақсартуға болады.