Жастар неге кітап оқымайды?

Автор: Редактор 02 июля, 2025


«Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы» деп өскен халықпыз. Қағаз кітаптың қоңыр иісі талай буынды тәрбиелеп, ой түкпірін нұрландырды. Алайда бүгінгі жастар кітап оқуға келгенде бұрынғыдай ынталы емес екенін мойындамасқа болмайды. Бұл әр ата-ананың, ұстаздың, қоғамның алаңдайтын орынды сұрағы. Жастар неге кітаптан алшақтап барады?

Ең әуелі, қазіргі жастардың ақпарат алу көзі өзгерді. Интернет пен әлеуметтік желі бір сәтте мыңдаған мәлімет ұсынады. Бір парақ кітап оқып үлгергенше, TikTok-та жүз видео қарап үлгеруге болады. Ойды тез әрі жеңіл қабылдауға үйренген ми ұзақ мәтінді түсініп, түйсінуге ынта танытпайды.

Екіншіден, уақыт тапшылығы. Қазіргі жастардың күн тәртібі қаптаған тапсырма, сабақ, жұмыс, қосымша курс, хобби мен әлеуметтік өмірге толы. Статистикаға жүгінсек, ЮНЕСКО деректері бойынша, әлемде жастардың тек 20%-ы ғана күн сайын кітап оқиды. Қалғандары кітап оқуды «уақытым болса оқырмын» деген бос уақыттың ісі деп қабылдайды.

Үшіншіден, мотивация мен орта мәселесі. Жасөспірім кітап оқымаса да сөгіс естімейді, ал керісінше интернетке тәуелді болса да замандастары арасында жат көрінбейді. Кітап оқу кей ортада «ескі әдет», «қызықсыз іс» болып көрінеді.

Төртіншіден, қолжетімділік. Қалада заманауи кітапханалар бар, бірақ ауылды жерлерде жаңа кітап табу қиын. Электронды кітап оқуға мүмкіндік болса да, көпшілігі оны пайдалы ақпарат емес, ойын-сауық үшін пайдаланады. Дегенмен, жастар мүлде кітап оқымайды деу қиянат. Кітап оқитын, тіпті өздері кітап шығаратын жастар да баршылық.

Қазіргі кезде көптеген подкаст, bookclub, онлайн әдеби форумдар — оқуға ынталандыратын пайдалы алаңдар. Мысалы, «Qazaq Book Club» сияқты клубтарға жастар белсене қатысып жүр.

Қорыта айтқанда, жастардың кітапқа суынуының басты себебі ақпарат көздерінің өзгеруі мен қызығушылықтың басқа арнаға ауысуы. Алайда бұл жағдайды түзету өз қолымызда. Кітап оқу сәннен қалмағанын дәлелдеу ата-ана мен ұстаздың, ең бастысы әр жастың өз жауапкершілігі.

«Кітап — адамзат ақыл-ойының қазынасы» деген сөз мәңгілік. Қай дәуірде болсын ақыл мен парасат иесі болғысы келген жан кітапты серік етеді. Ендеше, кітаптың шаң басып, сөреде қалмайтын күні көп ұзамай келетініне сенейік.

Авторы: Ақбота Баймахан


Читайте также