Қазақ халқының салт-дәстүріндегі ерекшеліктер туралы не білеміз?

Автор: редактор 14 Қыркүйек, 2022


💭 Қазақтар – ежелден көшпелі халық, Көк Түріктің ұрпақтары. Алтайдан Каспийге дейінгі үлкен аумақты алып жатыр. Ежелгі көшпенділердің мұрасын сақтаған, қазақ халқының мәдениеті салт-дәстүр мен жора-жоралғыларға бай келеді.

🔹Қазақ халқының ең қадірлі ұғымдарының бірі- шаңырақ. Шаңырақ сөзін әртүрлі мағынада қолданады. Мысалы: «Әке-шаңырақтың негізгі тірегі», бұл тіркесте шаңырақ сөзі «отбасы» ұғымын білдіріп тұр. Сонымен қатар, шаңырақ- киіз үйдің тірегі, төбесі. Қазақ халқында шаңырақ-киелі ұғым ретінде қалыптасқан және ол туралы әртүрлі мақал-мәтел, тыйым сөздер көп кездеседі. Қазіргі күнге дейін қазақтардың басынан қандай күн өтпеді… Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман да, қиыншылық, аштықта да, репрессия кезінде де, қайғылы соғыс жылдарында да өмір сүрді, мойымады, талмады. Бұл қазақтардың төзімділігінің белгісі.

🔹Қонақжайлылық- қазақтардың ерекшеленетін қасиеттерінің бірі. Ежелден келе жатқан қалыптасқан қонақжайлылық қанымызға сіңіп кеткен. «Тас түскен жеріне ауыр, қонақ қонған жеріне ауыр» демекші, қазақтар өздеріне қарағанда, қонақтардың жағдайын көбірек ойлаған. Үй иесі үйіндегі қонақтың кеткенінше, барлық қажеттілігін әкеліп, денсаулығына жауап беретін болған. Бұл қазақтардың қонақжайлылығының айқын бейнесі.

🔹Қазақ еліне,тарихына қызығатын әрбір адам алдымен, қазақтардың салт-дәстүрлері жайлы білуі шарт. Қазақтарда салт – дәстүрдің түрлері өте көп. Ол әртүрлі жағдайларға байланысты, тақырыптарға сай әрбір қазақ жадында сақталып қалған. Мысалы: «Қыз ұзату», «Жар-жар», «Шілдехана», «Тұсаукесер», «Сүндет той». Бұл салт – жоралғылардың өзіндік ерекшелігі мен мән – мағынасы бар. Ежелден келе жатқан бұл дәстүр қазірге дейін сақталып келеді.

🔹Қазақ халқында өзін – өзі ұстай білу ережелері де аз емес. Бұл қатарға «тыйым сөздерді» айтуға болады . Тыйым сөздер – деп жасауға болмайтын іс -әрекеттерді айтады . Оларға: «Дастарқан үстінде қатты сөйлеме»; «Қажетсіз сөзді айтпа»; «Нанды баспа»; «Аққуды атпа»; «Үлкен кісіге қарсы сөз айтпа», – деген секілді түрде кездеседі. Қазақ қауымында, тыйым сөздер мен қатар әртүрлі нақыл сөздер де көптеп кездеседі. Бұл қазақ халқының ертеден дана халық екендігін мойындаттырады.

🔹Қазақ қауымында «жеті» саны қадірлі болып саналады. Осыған орай, жеті санына байланысты көптеген салттар мен жоралғылар бар. Олардың қатарына: «Жеті жарғы», «Жеті қазына», «Жеті жоқ», «Жеті ата», «Жеті нан» немесе «Жеті шелпек», «Жеті керемет», «Жеті күн», «Жеті ғашық», секілді түрлері көп. Бұл «жеті» санының қасиеттілігін айқындай түседі.