Көшпелі қазақ халқын жерге отырықшыландыру туралы ереже қалай жүргізілді?

Автор: редактор 23 сентября, 2022


Көшпелі қазақ халқын жерге отырықшыландыру туралы ереже қалай жүргізілді?

💭 Көшпелі қазақ халқын жерге отырықшыландыру туралы ереже — 1924 жылы 17 сәуірдегі Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылана бастаған қазақ шаруаларын жерге орналастыру тәртібін дәйектеп көрсеткен құжаты.

🟩 «Ереже» бойынша қазақтың көшпелі және жартылай көшпелі шаруаларын жерге жаппай орналастыру, оларға жайылым, малға қажетті шөп болмай қалған жағдайда пайдаланатын сақтық пішен учаскелерін беру, отырықшыландыру мемлекет есебін жүргізу кезделді. Отырықшыланатын қожалықтар үшін 10 жылдық мерзімге несие беру, оларды бес жылға дейін салықтың барлық түрлерінен босату, оларға тұқым, құрал- сайман және мал шаруашылығы құрылыстары мен мекен-жай салуға қажетті құрылыс материалдарын тегін беру ескерілді.

🟩 Алайда, «Ереже» шарттары бұрмаланып, іс жүзінде дұрыс орындалмады. Керісінше, 1925 жылы ауыл ішінде таптық сына, қағу, ауылда “Кіші Қазан” төңкерісін жасау науқандарына бағдар алынды.

🟩 Байларды тәркілеу, кедей- кепшікті ұжымдық шаруашылыққа күштеп енгізу жүргізілді. Бұл саяси науқандардың мәжбүр ету сипаты басым еді. Қазақстандағы кеңестік озбырлыққа қарсылық білдірген халық қозғалыстары аяусыз басып-жаншылды. Ел-жұрттың шынайы мүддесіне жауап бермейтін осынау процестер қазақ халқын 1931-33 жылдары алапат ашаршылыққа ұшырауына апарып соқтырды.

Қазақстандағы бұрмалаулар мен асыра сілтеулерді жоюға бағытталған саяси-әлеуметтік, экономикалық шаралар барысында көшпелі қазақ халқы жерге отырықшыланып, кеңестік тұрпаттағы жаңа қазақ ауылдары пайда болды. Ереже осы ауыртпашлығы көп болған даму жолының бастауында тұрған құжат еді.