Көшпелі қазақ тарихында көш жолының қалыптасуына не себеп болды? 

Автор: редактор 18 Тамыз, 2022


Көшпелі қазақ тарихында көш жолының қалыптасуына не себеп болды?

💭 Көшпелі қазақтың көш жолының қалыптасуының өзіндік тарихы бар. Нақтырақ айтсақ, негізігі кәсіптерінің дұрыс жүруі үшін көш жолын қалыптастыруларына тура келді. Көш жолы – қыстаудан жазғы жайылымға немесе жаз жайлаудан қыстауға көшетін дәстүрлі көш бағыттары. Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайына байланысты қалыптасып, халықтың үш мың жыл бойғы табиғатты пайдалануы мен тыныс-тіршіліктерін қамтамасыз етуінің негізгі мәселесі – көшпелі мал шаруашылығы болды.

◾️Бұл реттегі өндіруші шаруашылықтың басым кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болатын. Ал оның басты ерекшелігі – мал азығы мен су көздерінің тапшылығы әрі малды жыл он екі ай бойы жайып-бағу еді. 15 – 17 ғасырларда далалық аудандардағы қазақтарда шаруашылық саласы ретінде басым тұрғыда – тарихи қалыптасқан, қуаң дала мен жартылай шөлейт жерлердің табиғи-климаттық жағдайына сәйкес келетін көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы сақталды.

◾️Малдың негізгі түлігі – қой, жылқы, түйе болды. Ірі қара мал аз мөлшерде, негізінен алғанда отырықшылықты жерлерде өсірілді. Көктеу, жайлау, күздеу, қыстау секілді маусымдық жайылымдарды алмастырып көшіп-қонып отырудың бұрыннан қалыптасқан жолдары мен жылдық айналымы орнықты.

◾️Ондаған, көп жағдайда жүзден астам ауылдардан құралуы ықтимал әрбір ру белгілі бір жер көлемі шеңберінде көшіп-қону дәстүрін ұстанды. Жайылымдар ара қашықтығы оңтүсікте 200 – 300 км-ден, Жетісудың ендік бағытындағы далалық аудандарда 800 – 1000 км-ге дейін созылды. Қоныс орнын таңдау дәстүрге немесе шаруашылық мұқтаждықтарға ғана емес, саяси жағдайларға да байланысты болды. Өмір сүру ортасының ерекшеліктері жайылымдарды пайдалану тәсілдерін айқындап берді. Қысқы жайылымдар үшін көл жағалаулары, өзен аңғарлары, тау шатқалдары, тоғай шеті, мал табындарын қарлы борандардан және үскірік желден қалқалайтын табиғи ықтасындары бар жерлер пайдаланылды.

◾️Күзгі, көктемгі жайылымдар қыстауларға жақын, қар кеш түсіп, ерте кететін жерлерге орналасты. Жазғы жайылымдар міндетті түрде жауын-шашын сулары көп жиналатын, шөбі қалың өсетін және табиғи су қорлары бар өңірлерден таңдалған. 18 – 19 ғасырларда орта ерекшеліктері және қазақтардың өмір сүруін қамтамасыз ету қажеттіліктері мал табындарының түліктік құрамын да айқындап берді. Онда бүкіл мал арасындағы қойдың үлес салмағы орта есеппен оның 60%-ын, жылқы – 13%-ын, сиыр – 12%-ын, түйе – 4%-ын құрады.

◾️Түлік құрамын реттеуде малдың жылдам әрі жиі-жиі көшуге бейімделу қабілеті, сондай-ақ, оларды шаруашылық (ет, сүт, жүн) және қоғамдық-саяси өмірде (көлік, жауынгерлік мақсаттары) түрлі қажеттілікке пайдалану мүмкіндіктері маңызды рөл атқарды. Су көздері мен мал азығының тапшылығы жайылымды тым жиі ауыстырып отыруға, бір жерге аз уақыт қана аялдауға, жиі-жиі көшіп жүруге мәжбүр етті.