📌 Көшпелі қазақ қоғамында өзінің басқару жүйесі болды. Көне заманда қазақ жерінде сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардыі мемлекеттері болды. Орта ғасырларда наймандардың, қыпшақтардың, жалайырлардың мемлекеттіліктері болды. XIV ғасырға дейін Қазақстан жерінде әр түрлі мемлекеттер болды, XV ғасырдан бастап Қазақ хандығы құрылды. Бұлардың барлығы да көшпелі қауымдастықтар құрған мемлекеттер.
📌Сондықтан көшпелілерде мемлекеттілік болған жоқ, ал болса, «олар мемлекеттік басқару жүйесінің үлгісін отырықшы халықтардан алды, үйренді» деген пікірлер мүлдем қате.
Қазақ жерінде хандық басқару жүйесі қалыптасқан XV—XVIII ғасырлар аралығындағы көшпелі қоғамның билік жүйесінде елдің ең жоғарғы саяси билігін хан жүргізді. Хан өкіметінің төмендегідей өкілеттігі және қызметі болды:
🟢 Хан бүкіл елдің, жердің иесі, басқарушысы болып есептелді. Қол астындағы елді, жерді қорғау — оның басты міндеті саналды.
🟢Хан бөтен елге соғыс ашу немесе бейбітшілік жөнінде келісім жасауға құқылы болды.
🟢Хан бүкіл қазақ елінің атынан шетелдермен келісімшарттар жасады.
🟢Хан елдің жоғарғы сотының қызметін атқарды, біреуді өлім жазасына бүйыруға немесе кешіруге құқылы болды.
🟢Хан бүкіл елге қатысты заңдар, Жарлықтар шығарды.
🔹Көшпелілерде қағандар, хандар сияқты елбасыларына бағыну, солардың маңайына топтасу, ел бірлігін сақтау ежелден қалыптасқан дәстүр. Өйткені оларда ел басқарушы адамдарға табыну дәстүрі болды. Сонау ғұндардың тәңірқұтыларынан, көне үйсіндердің күнбилерінен бастап, түркілердің қағандарына дейін ел басқарушыны Тәңірдің жердегі өкілі деп түсінді. Түркі заманының қоғамдарында қазақ хандарын да солай құрметтеді. Оларды хан сайлағанда, боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге отырғызып көтерді.
Қазақ хандарының жанында ақылшысы, кеңесшілері, төбе билері, жасақтары, іс жүргізуші мемлекеттік қызметкерлері болды. Хан жергілікті жерлерді өзінің әрбір жүздегі өкілдері — сұлтандар арқылы, үлкен тайпа көсемдері — билер, ру-тайпа ақсақалдары арқылы басқарды.