1️⃣ Сайрам (Испиджаб) – Оңтүстік Қазақстанның орта ғасырдағы ірі қалаларының бірі болған. Жұрты қазіргі Сайрам ауылының Оңтүстік-батысында, Шымкент қаласынан 12 км жерде. Сайрам жайлы алғашқы дерек Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген.
🟢 Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. 15 – 18 ғасырларда қазақ хандықтары кезінде Сайрам ірі сауда, қолөнер және діни орталық болған. Зерттеу жұмыстарын 1923 жылы П.П. Иванов, 1925 жылы М.Е. Массон, 1947 жылы Н.Бернштам басқарған. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстары барысында айналасы төрт қақпалы дуалмен қоршалған, көлемі 28 га жерді алып жатқан қала орны анықталған.
Қала ішінде көптеген мазарлар сақталған. Ең көнесі – Падишаһ Мәлік баба мазары. Бұл ескерткіштер 9 – 18 ғасырларға жатады. VI ғасырда тез өсіп- жетілген Испиджаб оңтүстіктегі ірі сауда және мәдениет орталығына айналды. VII ғасырда Орта Азияға арабтар келген кезде бұл қала гүлденіп тұрған еді.
2️⃣ Отырар — ортағасырлық қала орны. Түркістан облысы Отырар ауданының Темір темір жол стансасынан солтүстік-батысқа қарай 7 км жерде орналасқан.
🟢Отырар 5 – 15 ғ-ларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған.
3️⃣ Ежелгі Тараз қаласы І-ХІХ ғғ. Жамбыл облысы, Тараз қаласының орталық базары аумағында орналасқан. Қалашық қазіргі Тараз қаласының орталық бөлігінде орналасқан. Оның аумағында (қамал, шахристан) Орталық рынок орналасқан. Оның маңайын қала үйлері алып жатыр. 20 ғ-дың бас кезінде ұзын дуалдар төңірегінде отыздан астам төмпешіктер-қорғандар, қоныстар, некропольдер қалдығы бар еді. Қазіргі кезде олардың бәрі тегістеліп, үйлер салынған. Сүлейманов көшесінің батыс бөлігіндегі төрткүл және телеорталық ауданындағы қоныс, сондай-ақ қаланың солтүстік шетіндегі ұзын дуалдардың жекелеген бөліктері сақталынып қалды. 1867 ж. қалашықты П.И.Лерх зерттеді.