Көшпелі қазақтың экомикалық қатынасы туыстық жүйеге негізделгенін білесіз бе?

Автор: редактор 30 Қыркүйек, 2022


🔍 Көшпелі қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық қатынастар туыстық жүйеге негізделді. Қазақ қауымындағы қоғамдық-әлеуметтік қатынастар көп жағдайда туыстық қатынастармен астасып жатыр.

🖇️ Дәстүрлі қазақ қоғамында ел, жүз, тайпа, ру, ағайын, жақын ағайын, туыс, жақын туыс, ата баласы, бір әке баласы деген туыстық атаулар бар. «Ел» деген ұғымға бүкіл қазақ халқы кіреді. Қазақтардың өз түсінігі бойынша, жүздер қандас туысқандыққа негізделген бірлестіктер.

🖇️ Үш жүздің арғы атасының аты — Қазақ, одан Ақарыс (Ұлы жүз), Жанарыс (Орта жүз), Бекарыс (Кіші жүз) деген үш ұл тарайды. Сол үш ұлдан үш жүзді таратады. Шежірелік бұл аңызды тарихи шындық деп қарауға болмайды. Бұл көшпелі қоғамның рулық идеологиясы туғызған аңыз. Көшпелі қоғам туыстық қағида бойынша бірігеді. Кейін отырықшы халықтарда ең жақын туыстық қағида ғана сақталып, қалған бірлестіктер аумақтық жақындық, яғни көршілік қағидаға негізделетін болған. Қазақ халқының құрамына кіретін үш жүздің баласының алыс этногенетикалық туысқандығы бар екендігін жоққа шығаруға болмайды.

🖇️ Қазақтың әр жүзінің өзі үлкен тайпалардан тұрады. Бұл жерде бір нәрсені ескерте кеткен жөн. Қазақтар тайпа деген атауды көп қолданбайды. Оның себебі бұл сөздің бізге арабтардан келгендігінен болса керек. Бірақ ғылыми әдебиетте «ру» деген сөзді орыстың «род», ал «тайпа» деген ұғымды «племя» деген сөзбен атау қалыптасқандықтан, біз рудан үлкен, бірнеше рудың бірлестігі болып табылатын этностық құрылымды тайпа деп атап жүрміз. Әйтпесе «тайпа» ұғымы кей өңірлерде ру ұғымынан тар шеңберлі ұғым болып есептеледі. Сонымен, тайпа дегеніміз—жүздерді құрайтын үлкен ру бірлестіктері деп түсінгеніміз жөн.

🖇️ Қазақ қоғамындағы көпшілік тайпалардың атауы өте әріден белгілі. Шын қандас туыстық жүйе көбінесе 7 атадан басталып, 15—20 атаға дейін барады. Әдетте, мұндай туыстық жүйе ру деп аталады. Рудың ішіндегі жақын туыстар деп 7 атаға дейінгілер есептеледі. Жақын туыстар өзара қыз алыспайды. Балаға кішкентайынан жеті атасының кім екенін жаттатып өсірген. Бір атаның балалары жақындығы жағынан 7 атадан асқаннан кейін ғана өзара құдандалық қатынасқа түсуіне рұқсат етіледі.

🖇️ Әріден келе жатқан үлкен руларда қандас туыстықпен қатар жай генеалогиялық (шежірелік) туыстық қалыптасқан. Рулардың өсіп-өну үдерісінде олар әр түрлі тарихи себептермен (соғыс, жер ауып көшу) өзара араласып сіңісіп отырған. Рудың өзінің көшіп-қонатын аумағы, рулық таңбасы, ортақ ұраны болған.

🖇️ Қазақ ру-тайпалары өзара қатты араласқан. Бұл араласу, бір жағынан, бір-бірімен некелік қатынастар арқылы болса, екінші жағынан, ел басына күн туған соғыс, жұт, әр түрлі жұқпалы аурулардан қоныс аударудан болған. Сонымен қатар ру-тайпалардың араласуына тайпалар, рулардың бір саяси-этностық одақтар құруы әсер етіп отырған.