Көшпелі шаруашылықтың ел экономикасына әсері

Автор: редактор 14 марта, 2023


☝🏻 Археологиялық және этнографиялық материалдар Қазақстан жерінде ежелден бастап XX ғасырдың басына дейін мал шаруашылығының үш түрі қалыптасқанын көрсетеді.

▪️ Көшпелі мал шаруашылығы Маңғыстау, Батыс, Орталық Қазақстан аймағында басым болған. Бұл аймақтарда қыстаусыз көшпелілермен қатар қыстауы бар көшпелілер де болған. XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы деректерге қарағанда, көшпелілік Маңғыстау, Темір уездеріндегі адайларда, Атбасар уезін жайлаған бағаналыларда, Қазалы, Ырғыз, Торғай, Қапал уездерін мекендеген кейбір руларда жақсы сақталған. Батыс, Орталық Қазақстанның кейбір жерлерінде тастан, балшықтан, ағаштан салынған қыстауы болмаса да, қыста ұзақ уақыт көшпей, бір жерді паналап отыратын көшпеліліктің түрі болған.

📌 Орта ғасырларда Ертіс бойы мен Жетісудағы отырықшы қоныстарда, кішігірім қалаларда суармалы егіншілік болған. Жартылай көшпелілерде егіншілік, отырықшылықтың белгілі бір нышаны болғанымен, негізгі шаруашылығы — мал бағу, ал тұрмысы көшпелілікке бейім болды. Отырықшы мал шаруашылығы Оңтүстік Қазақстандағы, Сыр, Шу, Талас, Арыс өзендері бойында, Қаратаудың оңтүстік беткейінде қалыптасып, таралды. Оларда мал шаруашылығымен қатар суармалы егіс, жауын суымен шығатын егіншілік жақсы дамыды. Соғды мен Ферғананың отырықшы мәдениетіне бұл елдердің көршілес жатуы оларда ертеде-ақ отырықшы мәдениеттің пайда болуына әсерін тигізді.

📌 Сақ заманының өзінде Оңтүстікте Шырық-Рабат, Бәбіш-Молда, Баланды сияқты бекіністі қалашықтар қалыптасты.

Отырықшы мал шаруашылығының қалыптасуы, әсіресе б.з.д. 1-мыңжылдықтың бас кезіне дәл келеді, осы кезде бұрынғы көшпелі, жартылай көшпелі мал бағушы қауымдастық біртіндеп отырықшылыққа көшуге айналды. Осы кезден бастап, бұдан кейінгі ерте орта ғасырлар дәуірінде бұл аймақтарда үлкен отырықшы қоныстар мен қалалар қалыптаса бастады. Дегенмен осы қоныстар мен қалалардың сыртында, маңайында жартылай көшпелі, отырықшы малшы қауымдар аз болған жоқ.