Көшпелілер қолдан жасаған қандай заттарын саудаға шығарды?

Автор: редактор 13 октября, 2022


🏔️ Қазақтардың тұрағы киіз үйі, шаруашылық құралдары, көшіп-қонуға әрі мал өнімдерін өңдеуге лайықталып жасалды. Көшпелі  мал шаруашылығы қазақ отбасының біраз қажеттілігін қамтамасыз етті. 

Бұл сала қазақтарға ішіп-жейтін тамақ өнімдерін, киім-кешек пен аяқ киім материалдарын, үй жабдықтары мен жасауларын, көшіп-қонуға қажетті тасымал құралдарын берді. Әскери жорықтар мен шайқастарда жылқының орнын ешнәрсемен алмастыруға болмайтын.

📌 Көшпелі малшылар үй кәсібімен, негізінен алғанда мал шаруашылығы  шикізаттарын өндеумен айналысты. Қой  жүнінен киіз басты, кілемдер тоқыды, киім тікті, мал терісінен аяқ  киімдер, ыдыстар, ат әбзелдерін әзірледі. Қазақтардың шаруашылығы негізінен қолмен атқарылатын таза табиғи күйінде қалғанымен, олардың қолында қала тұрғындары, егіншілер өндіретін тауарларға, азық-түлікке айырбастай алатын басы артық өнімдері қалып отырды. 

📌Түркістанның Сығанақ, Сауран, Асы және басқа қалаларының базарларына көшпелі малшылар мал айдап апаратын, тері, жүн, олардан жасалған бұйымдар, сондай-ақ суық қарулар, ағаштан, негізінен қайыңнан жасалатын бұйымдар, соның ішінде арбалар, төсектер мен ыдыстар жеткізетін; аң терілерін, тон-ішіктер, тымақ-бөріктер сататын.

📌 Малшылар бұл өнімдеріне айырбасқа Түркістан аймағы қалаларына әр түрлі тауарлар: мақта маталары мен жібек маталар, балшықтан  күйдіріліп және темірден соғылып жасалатын  бұйымдар, мата мен теріден тігілген дайын киім-кешектер, шапандар, орамалдар, бас киімдер, аяқ киімдер, ат әбзелдерінің бөлшектерін, сондай-ақ әр түрлі үй аспаптарын, қарулар, қымбат металдардан жасалатын әшекей заттар, айналар және көптеген басқа дүниелер алатын. 

📌 Сауда  жасауға қазақтар да қатысатын: «Қазақтардың көпестері барған елдердің көпестері өздеріне келіп тұратыны сияқты ислам елдеріне үнемі қатынап жүрді». 

📌 Көшпелілердің астыққа — бидайға, тарыға, арпаға, егіншілік пен бау шаруашылығының басқа өнімдеріне, әсіресе, маталарға деген сұранымы барынша берік әрі тұрақты болды және бұлардың бәрін жаппай алып отырды.