Көшпелілердің дәстүрлі әскери өнері жайлы не білеміз?

Автор: редактор 17 октября, 2022


📌 Көшпелілердің дәстүрлі әскери өнері – сақ, ғұн, түркі, түркі-моңғол, қазақ, т.б. халықтардың ежелден келе жатқан әскери тәсілдерінің жиынтығы. Көшпелілер қоғамындағы мифтік түсінік бойынша, хан әлем кіндігі саналып, оған бағынған ру-тайпалар оң қанат пен сол қанатқа бөлінген. 

📍Мысалы, Түрік қағандығының әскері оң қанат (телес) пен сол қанатты (тардуш), оғыздарда бұзықтар оң қанатты, үш оқтар сол қанатты құраған. Шыңғыс хан әскерлері де жоңғарлар (сол қанат) мен барұңғарлардан (оң қанат) тұрған.

📍Қ.Жалайри еңбегінде Ресей ішіндегі Қасым хандығында да рулар осылай екі топқа бөлінгендігі айтылады. Егер мемлекеттің осы екі бөлігі жеке мемлекетке бөлініп кетсе, жаңа мемлекет өз ішінде екі қанатқа бөлінген. Айталық, Шыңғыс хан империясынан бөлініп шыққан Жошы ұлысында (Алтын Орда) халықтың оң және сол қанаттарға бөлінуі сақталып қалды. Әр қанатқа кіретін рулар әрқайсысы мың немесе түмен (он мың) әскер шығаруға міндетті болды да, ол әскерлер оң немесе сол қанат әскерлері деп аталды. 

📍Екі қанаттың әскерлерінен таңдаулы жауынгерлер іріктелініп алынып, хан жасағы құралды. Ол (кешіктер, хебтегулдер, т.б.), негізінен, әскербасылардың балаларынан тұрып, мәртебесі басқа әскерлерден жоғары болады. 

🔍Әскерлер үш негізгі жікке: соғысатын әскерге, басқару қызметіне (хан, кеңесшілер, дін қызметкерлері, сот, т.б.), шаруашылықпен айналысатын бөлікке жіктелді. Әскери бөлікте – жауынгерлер, батырлар, сардарлар, басқару қызметінде – абыздар, білімпаздар, шаруашылық бөлігінде – малшылар, қолөнершілер, саудагерлер қызмет атқарды. Ұрыс алдында сап түзеуді қазақтар шеп құру деп атаған. Шеп құрғанда әскер оң және сол қанатқа бөлінген. Олардың алдында жаудың бағытын барлайтын қарауыл топ жүріп отырды. Әскердің арт жағында орналасқан ханды хан жасағы қорғады. Хан жасағын тосқауылшы бөлік деп атады. Ең артта әскердің қосалқы аттары, құрал-жабдықтар тиелген арбалар, малшы, қызметшілер, яғни әскердің шаруашылық бөлігі немесе салықшы тобы еріп жүрген. Көшпелілер әскерінің сандық құрылымы ондық жүйеге негізделген. 

🔍Әскердің ең төм. бөлігі ондық, олардан жүздік, мыңдық, түмен (он мың әскер) құралған. Он түмен әскерді “ту” (лек) деп атаған. Әскердің ондық жүйесі түркі халықтарында ежелгі заманнан 19 ғасырға дейін сақталып келді. Мыңбасылар мен түменбасылар түркіше бек, моңғолша – ноян, арабша – әмір деп аталып, әкімш. билікке де (уәлаят, ұлыс басшылары) тағайындалған. Олардың ішінен бас қолбасшы бекітіліп, оған беглер бегі (араб. әмір әл-умара) лауазымы берілген. Әдетте, әскери-әкімш. билікті қатар ұстаған адамдардың саны 12 адам болған.