Құм жұтқан Сауран қаласы сауда-саттыққа үлкен әсерін тигізген

Автор: редактор 10 Қазан, 2022


🕍 Сауран қаласы Отырардың солтүстігіндегі темір жол бойында орналасқан. Шаһардың іргетасы ІХ ғасырда қаланған. Тарихи деректерге үңілсек, «Алғашында Отырар датқасы бұл қаланы шекараға, қыпшақ қалалары мен көшпелі қыпшақ хандарының шекарасына әдейі салғызған» деген мәлімет кездеседі.

📌Қалада үнемі әскер тұрғаны айтылады. Онда келіссөздер жүргізілген екен. 💰Оның үстіне Сауран арқылы «Жібек жолы» өтетін. Бұл жағдай оның сауда-саттыққа, алыс-беріске, өркендеп, өсуіне жан-жақты ықпал еткенін аңғартып тұр.

📜 Дүкенбай Досжан зерттеу мақаласында: «Қаланы алты мұнарлы үлкен қорған қоршап тұрған екен. Қорған саз балшықтан, кей жері күйдірген қыштан өріліпті. Әр мұнарада қарауыл қарайтын күмбез, жауға оқ ататын тесіктер бар. Осы белгілер Сауран қаласының негізігі міндеті – ел күзету, басқыншы жауға бірінші тосқауыл болу екенін байқауға болады. Қорған төрт бұрышты етіп салынған. Қалаға кірер қақпа мен шығар қақпа бір-біріне тұспа-тұс орнатылған. Оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа көлбеу жатыр. Тосын көзге бірден шалынатын нәрсе – қала халқының өте тығыз отырғанға ұқсайтындығы Өйткені белдеу-белдеу, қатпар-қатпар болып жатқан топырақ үйінділері бұрынғы үйлерді, дуалдарды көз алдыңа елестетеді. Сонымен қатар ескі қару-жарақ, қыш құмыра, ыдыстарынан аяқ алып жүргісіз. Сәл қазып көрсеңіз – бірі болмаса, бірі шыға келеді. Қаланы 1219 жылы Жошыхан қиратқанымен Сауран ХV ғасырдың аяғына дейін өмір сүрген», – деп жазады.

📜Тағы бір деректе XIII ғасырдың орта тұсында Сауран қалашығы Ақ Орданың астанасы болғаны жазылады. XIV ғасырдың аяғында Сауранды Әмір Темір әскери қамалға айналдырған, осылайша Сауран қалашығы ислам дінінің Қазақстанға таралуына ықпал еткен деседі.

Сауран ерекше әскери-стратегиялық әрі сауда-экономикалық, мәдени-тарихи мәні бар қала болған. Сауранды зерттеген ғалымдардың бәрі Сырдария бойында және қазақ даласында болған оқиғалар жайында жазғанда шаһардың ортағасырлық екенін алға тартады.