Қазақтың жылқысына қызыққан мемлекеттер

Автор: редактор 10 ноября, 2022


🐴 Қазақтың ежелден көрші елдермен дәстүрлі түрде келе жатқан саудасы – жылқы саудасы болды. Әсіресе, көрші Ресей мен Қытай мемлекеттері қазақтың екі нәрсесіне асық болды, бірі ұлан-байтақ жер. Екіншісі — есепсіз жылқы. Қытай ілкіден өзінің жүз мыңдаған әскерін дала жылқысы есебінен қамтамасыз етсе, Ресей ХІХ ғасырда қазақ жерін тұтас басып алып, шекарада айырбас керуен-сарайларын ашып жылқы саудасын қарқындатты. 

💡1758 жылы Жоңғар мемлекетін талқандаған соң қытай ғасырлар бойы армандаған қазақтың бағалы жылқысына қолы жетті. Бұл бір жағынан Абылай бастаған қазақ хандығына да тиімді еді. Себебі халықтың қолында төрт түлік малдан басқа ештеңе болмады. Қазіргідей қазба байлыққа мұнай мен газға қолы жеткен жоқ. Сондықтан Абылай екі көршісінің құя берсе таусылмас базарына жылқы табындарын айдай бастады. 

💡Қазақ-жоңғар соғысының бір ерекшелігі сол басқа түліктерге қарағанда (қой, түйе, сиыр) жылқы табындарының көпшілігі жау қолына түспей аман сақталды. Жоңғарды жеңген соғыстан кейін мал басы өсіп, бұрынғы қалпынан да асып, жаңа жайылымдар іздеу қажеттілігі туды.

💡Қытайдың көне замандардан шекаралық аудандарға арнаулы ат базарларын ашып көшпелі халықтардың (моңғол, ойрат, т.б.) жылқыларын табын-табынымен сатып алу тәжірибесі бар еді. Қазақтардың бағзы заманнан Қытайдан алатыны жібек, фарфор болатын. Қытай ол кезде сауда саясатына ерекше көңіл бөлді, қазақтарды қала базарларынан үркітіп алмау жағын қарастырды.

⚖️ «Сауда сөзсіз әділ болуы шарт. Олар құладүз, қиыр шалғайдағы патшаның ықыласын сезіне алатын болулары керек», деп Цинь патшасы сауданың стратегиялық ерекшеліктерін белгілеп береді. «Қазақтарға өздерінде жоқ нәрселерді жеткізіп беріп, олардың тіршілігіне қолғабыс тигізу, оларда жылқы көп өседі, сол жылқысын айырбастап алу арқылы өзіміздегі ішкі өлкелердің қажетін қамтамасыз ету керек. Қазақтардың малын арзанға айырбастап алдау дұрыс емес. Жасағалы отырған саудада өте пайдакүнемдік істеуге де, тым еркіне қоя беруге де болмайды. Десе де екі жақтың тең пайда көруі керек. Қытайдың бұл тарихи құжаттарында қазақтармен екі арадағы сауда мейлінше адал және шын болуы көрсетілген. Осылайша Қытайға елшілікті бастап барған Абылай мен Әбілпейіз хандар өздерімен бірге апарған жылқы табындарын Құлжа мен Тарбағатайда өткізіп отырды.