📌 XVIII—XIX ғасырлардағы дәстүрлі қазақ қоғамы әлеуметтік, таптық жікке бөлінген қоғам еді. Қазақта байлар, орта шаруа және кедейлер табы болды. Дәстүрлі қазақ қоғамында қанау бүркенішті әдістермен жүргізіліп, езгі түрінде болмағандықтан, таптық қарама-қайшылық қатты шиеленісте болған жоқ.
📌 Оның үстіне, туыстық қағидаға негізделген рулық қауым идеологиясы байларға кедей туыстарын қатты қанауға мүмкіндік бермеді, кедейдің өз туыстасының шаруашылығында жұмыс істеуі де қанау мазмұнын туыстық пиғылмен жеңілдетті. Қазақ қауымында, басқа жұрттан келіп сіңген кірмелер, қоңсылар, аз да болса құл, күңдер болды. Қауымның бұл тобындағы кедейлерді қанау, оларға әлеуметтік қатынас рулас қауым мүшелеріне қарағанда қаталдау болды.
🔹 Қазақ қоғамындағы ең ауыр жағдай құлдар мен күңдер басында болды. Олар өз қожайындарына экономикалық жағынан да, бас бостандығы жағынан да толық тәуелді еді. Әдетте, құл мен күң байдың шаруашылығында жұмыс істеді.
🔹 Дегенмен қазақ қоғамында құл мен күң деген елеулі әлеуметтік топ болған жоқ, өндірісте де олардың орны біршама төмен болды. Қазақ қоғамындағы ханнан, ханның әулетінен кейінгі тұрған әлеуметтік топ — сұлтандар. Сұлтандар хандар сияқты тек төре тұқымынан сайланды. Төре деген әлеуметтік этностық топты Шыңғыс ханның тұқымынан тараған ұрпақтарды ғана құрады. Олардың өз ұраны, өз таңбасы болды. Олар қазақ ішіндегі ақсүйек топқа жатады. Олар қазаққа қыз бермесе де, қазақтан қыз алды.
🔹Сондықтан қазаққа тезірек сіңісіп кетті. Төрені сағалап, паналап, басқа елден, тіпті басқа жұрттардан қазақ арасына сіңген кірмелер төлеңгіт деп аталды. Олар төренің малын бақты, жерін қорыды, сойылын соқты. Қазақ арасындағы тағы бір әлеуметтік-этностық топты қожалар құрады. Олардың арғы тегі — арабтан шыққан, қазақ жеріне ислам дінін таратушылардың ұрпағы. Олар қара қазаққа қызын бермеді, ал өздері қазақ қыздарына өте сирек үйленді. Сондықтан да олар қазақ болып, қазаққа сіңісіп кеткенімен, генетикалық жағынан оқшау қалды.