🥣 🥘 Шындығына келер болсақ, көшпенділер етті қазанда пісірген. Тіпті болмағанда, қыштан жасалған ыдыс қолданған. Оны көне қалаларда жүргізілген археологиялық зерттеулер де растайды. Кей кездері қызып тұрған таста ет дайындағаны рас. Дегенмен бұл әдіс аңшылық құрғанда не жорықта жүргенде ғана көрініс тапқан. Етті дайындау үшін, ашық отта тастарды қыздырып, үстіне жұқалап туралған ет тілімдерін қояды. Бұл бүгінгінің «барбекюі» десек те артық емес.
🖍️ Қазақ жасағында астың дайындалуына қазаншы жауапты болса, асты асбасшы үлестіреді. Көшпелі халықта жасақ жанында жүретін азық-түлік керуені болмаған. Әдетте арнайы бөлінеген жауынгерлер жасақ маңында келе-келе түйе мен табын-табын жылқыларды алып жүрген. Төрт түлік ішінен дәл түйе мен жылқының таңдалуы, олардың ұзақ сапарға төзімділігі себепті. Сонымен қатар, олардан алынатын сүт пен еттің мөлшері де анағұрлым көбірек.
🖍️ Жасақтың әрбір тобында жезден, темірден не қоладан жасалған өз қазаны болған. Жорық уақытында етті көбіне пісіріп жесе, еттің қалғанын жауынгерлер қоржынға салып, өздерімен алып жүрген.
🖍️Қоржындарындағы ет таусылғанда, жылқы не түйенің сіңірін талғажау етеді. Оған қоса, ұзақ уақыт бойына алып жүруге ыңғайлы болғандықтан, көшпенділер жасағы жорық үшін сүрленген, қақталған ет – ең қолайлы тағам.
📍Шоқан Уәлихановтың «XVIIІ ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» еңбегінде жорық жағдайы үшін арнайы әзірленген ас туралы мынадай жолдар келтіріледі: «Ресейден қашқан торғауыттардың ізіне түскен қазақ қолы дамыл жасап, жорық қазандарында сүрленген жылқы етін пісіріп, су құйылған торсықтарда құрт жібіткен. Бір сөзбен айтқанда, осылайша күндік асын талғажау етіп, күш жинайды».
Тұздалып, қақталған етті келіге салып әбден жаныштап, қойдың асқазанында сақтайтын, жорық жағдайы үшін арнайы әзірленген ас түрі – түймеш. Оны қазанға салып пісіргенде, ет тез піседі әрі жұмсақ болады. Сондай-ақ, жорықта жүргенде етті көбіне ашық отта не ыстық күлде дайындаған. Көшпелі тіршілікке сай болмаса да, қазақ жауынгерлері жылқының бүйрек-бауырын, көкбауырын істікке шаншып, отқа қақтап жейтін болған.