Көшпелі қазақтың Цинь империясымен сауда орнатуының ТОП-5 артықшылығы

Автор: редактор 19 Желтоқсан, 2022


Ресей Қытаймен және моңғолиямен сауда-саттық жасауы үшін Қазақстанды транзиттік аумақ ретінде пайдаланды. Бұл саудада қазақ көпестері көбінесе делдалдық қызмет атқарды. 

▪️Қазақтардың арасында, біріншіден, қытай және моңғол тілдерін білетіндер аз болған жоқ. 

▪️Екіншіден, қазақтар шекара шебіндегі жер жағдайларын жақсы білетін. Үшіншіден, қазақ саудагерлерінің иелігінде жүк көліктері көп болды. Сонымен 1860 жылы Ургада (Ұлан-Баторда) алғашқы орыс коммерциялық фирмасы ашылды. Сол фирманың құрамында Өскемен көпестері де жұмыс істеді. 

◾️Ресей-моңғолия сауда-саттығы Зайсан, Өскемен және Семей арқылы жүзеге асырылды. 1881 жылы Қытаймен жасалған Петербург келісімшартының ережелеріне сәйкес патша үкіметі моңғолияның бүкіл аумағында баж салығын төлемей-ақ сауда-саттық жасау құқығына ие болған еді. Қобда және Улясутай қалаларында консулдық мекемелер ашылды. 

Міне, мұның бәрі де моңғолиямен сауда-саттықтың дамуына едәуір ықпал етті. Бірақ моңғолия Қытайға тәуелді ел болатын. Соның салдарынан ол өлкедегі сауда-саттық одан әрі дами алған жоқ.

📌 XIX ғасырдың бірінші жартысында Қытаймен негізгі сауда-саттық мәмілелері Кяхта қаласында жүргізілді. Бірақ Цинь империясы мен Ресейдің арасындағы кикілжінді сыртқы саяси қатынастардың тұрақсыздығы салдарынан екі арадағы сауда-саттық қайта-қайта үзіліп қала берді. XIX ғасырдың екінші жартысында бұл екі мемлекеттің арасындағы сауда қатынасында елеулі өзгерістер орын алды. Батыс Қытайдың тұрғындары көрші жатқан мемлекеттермен, соның ішінде Қазақстанмен де, керуен арқылы сауда-саттық жасауға көбірек мүдделілік танытты.

📍Қазақстанның Цинь империясымен іргелес жақын жатуы және өзара сауда қатынастарының тиімді болуы Ресей мен Қытайды тығыз байланыс орнатуға итермеледі. Қытай аумағындағы сауда Шұғышақ, Құлжа, Үрімші, Гучен қалаларында жүргізілді. Қытайлардың ондағы саудаға шығаратын негізгі заттары күміс, тері-терсек, шай, сондай-ақ Қытайдағы қазақтардың мал өнімдері еді. Қазақстанның Қытаймен сауда-саттық жүргізуінде Семей, Зайсан, Бұқтырма және Петропавл сияқты қалалар мен ірі елді мекендер маңызды рөл атқарды. Қатонқарағай, Қорғас және басқа да кеден бекеттері сауда нүктелері ретіндегі маңызын сақтап қалды. XIX ғасырдың 50-60-жылдарында Ресей-Қытай сауда қатынасы Жетісу бағытындағы жолдармен де дамыды. Ондағы негізгі сауда-саттық нүктелері Қапая және Верный қалалары болды.