Көшпелі қазақтың ТОП-3 бағытты қамтыған сауда айырбасы

Автор: редактор 15 Қаңтар, 2023


◾️ Өздерің білетіндей, көшпенділер экономикасында сауданың айырбас түрі қарқынды дамыды. Себебі олар мүлікті, малды баспа бас алмастырып отырды. Осы тұста тауар айырбасы негізгі үш бағытты қамтыды. Олар елдер арасында, қала мен оның төңірегі арасында, қала мен көшпелі дала арасында айналыста жүрді. 

◾️ Айырбас құны үш жасқа жеткен қой және осы жастағы басқа малдар болды. Мұндай сауда тұрмыстық қажеттіліктен туындаған. Бұл сауда жасау немесе пайда табудың мақсатында емес, керісінше тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу мақсатында жүргізіліп отырған. 

◾️ Мысалы, қолөнер бұйымдарын отырықшылардан алса, отырықшылар мал өнімдерін, кейбір қолөнер заттары мен қажетті шикізаттарды көшпелілерден алып отырды. Мұндай сауда, айырбас қатынастары, әсіресе отырықшы халықтар мен көшпелі елдер арасында белсенді түрде іске асып отырды.

◾️ Дегенмен сауда жасап, пайда көздеген бұқарлық, хиуалық саудагерлер орта азиялықтар мен ноғай саудагерлерін көшпелі ортада жатсына қабылдады. Олардың әрекеті қазақ дәстүрлі қоғамының құндылықтары мен нормаларына жат екендігін сыналды.

◾️ Осыған байланысты бірқатар тұрақты тіркестер мен мәтіндер қалыптасты: сауда сақал сипағанша; қыз мұраты – кету, сауда мұраты – ұту; саудада достық жоқ; еңбек түбі — қуаныш, сауда түбі – борыш. 

◾️ Көшпенді қазақ тұрмысқа қажет заттарына керек уақытында ғана айырбас жасап отырған. Орыс деректеріне сүйенсек, қазақтар айырбас сауданы көбінесе қоймен жасаған, ал орыс саудагерлері қазақтармен жылқыны айырбастауға құштар болды. Себебі, қазақтар жылқы малын баптап, күйін жақсы келтіріп отырған.

◾️Көшпелілермен айырбас сауда Испиджаб, Отырар, Тараз, Суяб, Невакет, Дех-Нуджикет қалаларында жүзеге асты. Жетісудың оңтүстік-батысында маңызды сауда орталығы Тараз болды. Бұл туралы деректерде «көпестер қаласы» деп айтылады. Шу аңғарында Суяб осындай қала болды, онда «түрлі елдердің саудагерлері аралас тұрады», ал қала тұрғындарының жартысы көпестер болды.