Көшпелі қазақтың қымбатқа түскен бағалы киімдері

Автор: редактор 01 декабря, 2022


🟩 Қазақ халқының ұлттық киімдері – қолданылу уақытына қарай әртүрлі болып келді. 

📍Мәселен, ұлттық киімдерінің ішінде аяқ киім, соның ішінде етіктің биік өкше, жарма қоныш, тіремелі, көксуыр, саптама, жұмсақ табан, үшкіл тұмсық, шоңқайма түрлері қымбатқа түскен. Сонымен қатар сырма киіз, ішетік, мәсі, шоқай, бұйық (етік сыртынан киетін, жүні ішіне қараған, иленген теріден жасалған байпақ тәрізді аяқ киім) түрлері таралған. Орта Азия және Қытаймен арадағы сауда-саттықтың нәтижесінде қымбат бағалы жібек, мақта маталары алынып, киім тігуге қолданылды. 

📍18 ғасырдан бастап орыстың фабрикалық арзан маталары көптеп айырбасқа түсуі қазақ ұлттық киім түрінің көбеюіне мүмкіндік туғызды. Торғын, пайы, шағи, дүрия, бәтес, сусыма, лейлек, атлас, сұпы, шәйі тәрізді маталардан желбіршекті жұқа көйлектер тігіледі.

◽️Қайыстан, барқыттан, жүннен және жібектен жасалған белдіктер қазақ киімдерінің міндетті бір бөлшегі болды. Қайыс белдіктері әр түрлі өрнек, жапсырмалармен әшекейлендіріліп, асыл тастардан салынған көздер мен сүйек оюлы бастырмалармен әшекейлендірілді. Мұндай белдіктер “кісе” деп аталады. 

◽️Жас жігіттердің белдіктерінде алқа, әлеміштер болды. Әйелдердің белдіктері жалпақ әрі сәнді, негізінен, жібек пен барқыттан тігілді. Әйелдер, сондай-ақ, белдеріне жұмсақ белбеу байлады. Әйелдердің әшекейлері алтыннан, күмістен, асыл тастардан әзірленді. 

◽️Салмақты күміс білезіктерге алтын жалатылды, ою салынды. Сырғалар, негізінен, күміс сымдардан имек, жарқырауық тастар түзілген шығыршық түрінде жасалды, оның өзара күміс сыммен бекітілген төрт бұрышты қиықша, дөңгелек, жалпақ тілікті түрлері көбірек пайдаланылды. 

◽️Шашқа салатын әшекейлер – өзара кіріккен шығыршықтармен біріктірілетін алқалар немесе теңгелер тізбегі түріндегі шашбаулар жасалды. Оның орт. алқалары түрлі түсті асыл тастармен безендірілді. Шашқа тағылатын әшекей қатарына аспалы шолпылар да жатады. Жүзіктер құйылып және нақышталып, сопақша, дөңгелек, көп қырлы қисында жасалды. Олар түрлі түсті асыл тастармен безендірілді.