🖋️ Көшпенділердің қолөнері — алдыңғы орта ғасырлардағы қалалардың сауда-қолөнер орталықтары ретінде дамуы қолөнердің ауыл шаруашылығынан бөлініп шығу үрдісіне және негізінен алғанда байлар мен ақсүйектерге кызмет ететін қолөнер өндірісінің едәуір кеңеюіне байланысты болды.
✍🏻 Біздің қолымызда алдыңғы орта ғасырлардағы қалада қолөнердің ұйымдастырылуы туралы деректер жеткіліксіз, ол негізінен алғанда бізге дейін жеткен дайын өнім бойынша ғана мәлім. Бұлар ең алдымен керамика, металдан, сүйек пен тастан жасалған бұйымдар. Тоқымашылық, теріден, жүннен, киізден бұйымдар жасау сияқты қолөнер туралы түсініктің жайы мардымсыз.
📌 Жазбаша деректемелерде тұрғындары пайдалы қазбаларды өндіріп, өңдеген қалалар мен қоныстар тобы болғанын көрсетеді. Күміс пен мыс өндеу аймағы ретінде мәлім болған Талас аңғарынын қалалары жөнінде айтылады. Шу-Іле таулары мен Қаратауда полиметалдар өнделетін орындар болған.
📌 Кен ісінің техникасы қол еңбегіне негізделген. Құралдары темір шот, қайла, тастан жасалған шойбалға, балға, ағаштан және темірден жасалған сыналар болған. Кен жер бетіне тері қаптармен, себеттермен шығарылған. Қазып алынған кен байыту сатысынан өткізілді, оны тастан жасалған шой- балғалармен немесе тас диірмендермен ұнтақтап, жуып, қолмен өндеді. Байытылған кен содан соң қолөнер орталықтарына жеткізіліп, сол жерде олар балқытылды.
📌 Ақтөбе қаласының жұртынан темір балқытатын пештер табылды, олар жерден қазылып, шикі кірпіштен қаланған. Пештер сопақша, көлемі 2,2×1,6 м етіп жоспарланған. Қорғасын мен күміс көрік-пештерде бірнеше қайтара балқытылған. Әуелі қара корғасын алынған, қайталап балқыту арқылы ол тазартылып, үшінші кезеңінде ғана күміс қорғасыннан айырылып алынған.