Түрік қағанаты ел экономикасын қалай дамытты?

Автор: редактор 25 марта, 2022


📜 Тарих сахнасына сақтар мен ғұндардан кейін шығып, әлемді дүр сілкіндірген халық ежелгі түркілер болды. Олар батысында Византия елімен, оңтүстігінде Персиямен, тіпті Үндістанмен, ал шығысында Қытаймен шектесіп жататын орасан үлкен мемлекет құрды. Ұлы Түрік мемлекеті осылайша өмірге келді.

VI ғасырда Қазақстан жері сол кезде аса қуатты болған Түрік қағанатының қоластына қараған. «Түрік» атауы алғаш рет қытайдың 542 жылғы шежіресінде кездеседі.

🖋 Олардың мемлекеттік дәрежеге көтерілуі 552 жылдан басталады. Бұл этно-саяси бірлестіктің негізін салушы Бумын қаған еді. 552 жылы түрік қолбасшысы Бумын аварларға қарсы шықты. Ол 553 жылы өмірден озды. Сөйтіп оның ізбасары Мұқан қағанның билігі кезінде Түрік қағанаты Орталық Азияда саяси үстемдікке жетті. Қағанаттың негізгі құрамы түркі тілдес халықтар болды. Олардың басым көпшілігі «теле» тайпалары.

🖋 VІ ғасырдың екінші жартысында түрік қағанатының билігі Азияның біраз аймағын қамтыды. Осы кезеңде Түрік қағанаты Қытай, Иран, Византия сияқты ірі мемлекеттермен терезесі тең түсіп, күшті мемлекеттің біріне айналды. Ал 561-563 жылдары түріктер Иранмен әскери одақ құрып Орта Азияны бағындырғаннан кейін Ұлы Жібек жолын өз бақылауында ұстады.

🖋 Отырықшы аудандардың байлығын иеленуге ұмтылу түріктердің батыстағы, Орта Азиядағы саясатының негізі болды. Олар эфталиттерінің батыс тармағына осы арада кездесті. Ал эфталиттердің иеліктері Каспий теңізінен Солтүстік Үндістанға және Шығыс Түркістанға дейінгі жерді алып жатқан еді. Өзінің әскерінің орасан зор да икемді құрамына қарамастан, мұндай күшті жалғыз жеңіп алуға түріктердің шамасы келмейтін.

📌Олар үшін соғыс сасанилік Иранмен әскери одақ жасасқаннан кейін ғана табысты бола бастады. Эфталиттерге вассалдық тәуелділікте болған Иран оларға ұзақ уақыт бойы жыл сайын күміспен салық төлеп тұрды, мұны осы мақсат үшін арнайы соғылған пехлеви жазуымен қоса эфталит жазуы бар теңгелер көрсетеді. Сондықтан түріктердін эфталиттерге қысым жасауы Иранның сасанилік билеушілеріне қолайлы болды.

📌 Түрік қағанымен жасалған келісім бойынша Хұсрау І Ануширван шах өзінің әскерін Тоқарстанға аттандырып, оны 564 жылы эфталиттерден тартып алды. Сөйтіп эфталиттер өздерінің берік те қамсыз тылынан уақытша айырылып қалды. Мұның өзі түрік кағаны Силзибулға 563—567 жылдары эфталит патшалығын талқандауға мүмкіндік берді. Түрік-эфталит соғысы біткен бойда-ақ Шығыс пен Батыстың арасындағы керуен жолдары бойында жатқан жерлерді бөлуге келгенде одақтастар арасында араздық басталды. Бұл жерлерді иелену жол асуларын кеңінен пайдалануға, жібек, тәтті тағамдар, сәндік заттар, т.б. саудасын бақылауға, Шығыс пен Батыс арасындағы тауар айырбасына белсене қатысуға мүмкіндік беретін еді.

🖋 Бұл саудада бүкіл Орта және Орталық Азия аумағында негізгі делдалдар соғды көпестері болды, олар өздеріне қолайлы жағдайды сақтап қалуға бәрінен де гөрі мүдделі болатын. Сондықтан бұрынғы одақтастармен араздасып қалған түрік қағаны Хұсрау I Ануширванга Персия арқылы Византияға жібек және басқа тауарлар өткізуге рұксат сұрап, елшілік жіберуге ұйғарганда, бұл елшілікті соғды көпесі Маннах бастап барғанына таңдануға болмайды. Алайда елшілік сәтсіздікке ұшырады. Хұсрау I Ануширван қағанатпен қатынасты көрінеу біржолата үзуге батылы бармай, әкелген жібектің бәрін сатып алуга бұйрық берді, сөйтті де, оны Маниахтың көзінше өртеді. Екінші елшілік те осылай сәтсіз болып шықты.