14-15 маусым күндері Алматы мен Астанада қайда тегін баруға болады?
Құрметті оқырман! #Үйдежатпа ұжымы арнайы сіздер үшін осы демалыс күндері Алматы мен Астанада тегін баруға болатын таңдаулы іс-шаралар топтамасын дайындады. Өкінішке қарай, басқа қалалардан нақты мәлімет түспеді. Егер сіз өз қалаңызда өтетін көрмелер мен мәдени іс-шаралардан хабардар болсаңыз, бізбен пікір алаңында бөлісуді ұмытпаңыз.
АЛМАТЫ:
🧠«Қиял ойлар» көрмесі
Бұл көрмеде ұсынылған туындылар көрерменді өзінің ішкі әлеміне үңілуге, көзге көрінетіннің ар жағындағы нәзік болмысты түйсінуге жетелейді. Әр сурет — қарапайым не күрделі оқиғалардың жан мен санаға әсер ететін тұстарын дәл ұстап, көзге ілінбес мағына мен астарды тереңнен жеткізеді. Сюжеттердің ауқымы — шынайылық, түс және миф аралығындағы кеңістік.
Орны: Almaty Gallery, Достық даңғылы, 44
Күні: 14 және 15 маусым, 11:00 – 19:00
👀Ашық аспан астындағы кино көрсетілімі
Жаздың нағыз қызған шағы. Аптап ыстықта күндіз серуендеу қиындай түспек. Ал кешкі салқынмен қыдыру сәнге айналмақ. Алайда бұған қамығудың қажеті жоқ — өйткені бұл мезгіл ашық аспан астында кино көруге таптырмас сәт. Жұлдызды аспан астында тек отандық жаңа туындылар көрсетіледі. Ендеше оларды таза ауада көріп, жазғы кешті әсерлі естеліктерге айналдырыңыз.
Орны: Жас көрермен театрының алдындағы алаң, Абылай хан даңғылы, 38
Күні: 14 маусым, 19:00
👣GIRLHOOD көрмесі
Көрмеге қойылған суреттер әйелдер арасындағы рухани жалғастықты бейнелейді. Суретші туындыларын өзіне ғана тән шеңберге тұйықтамайды, керісінше, жаңа көзқарас көкжиегін ашады. Мұнда бұрыннан берілген өмірлік тәжірибе әр көрерменнің жан дүниесіне жақын, жеке мәнге ие құбылыс ретінде қабылданады.
Орналасқан жері: Esentai галереясы, Әл-Фараби даңғылы, 77/8 (Esentai Mall, 3 қабат)
Күні: 14 және 15 маусым, 10:00-22:00
🙌“Нүкте мен Сызық” көрмесі
Бұл — ұстаз бен шәкірттің, Арыстанбек Шалбаев пен Айша Бақтығұлованың арасында өрбіген шығармашылық диалог. Мұндағы абстракт өнер пішін туралы емес, ішкі күй туралы сыр шертеді. Авторлардың туындылары — ақылмен емес, жүрекпен сезінуге шақыратын, әлемді эмоция арқылы бейнелейтін шығармалар. Нүкте мен сызықтың үйлесімі — түйсік пен қабылдаудың өзіндік тіліне айналған көркем әлем.
Өтетін орны: Efes Art Space, Желтоқсан даңғылы, 137
Күні: 14 және 15 маусым, 10:00 – 19:00
🙌“Baqsylyq” көрмесі
Бұл көрмеде көрермендер Қазақстанның заманауи өнер өкілдерінің туындылары арқылы Орталық Азия халықтарының қазіргі мәдени мұрасы мен шаманизм ұғымының тарихи-әлеуметтік байланыстарын тамашалай алады. Сондай-ақ қонақтарды сан түрлі тосын өнер нысандары күтеді. Олардың қатарында XVIII ғасырдан бастау алатын көне зергерлік бұйымдар секілді мәдени артефактілер де бар.
Өтетін орны: Egin Art Space, Нұрмақов көшесі, 79-үй
Күні: 14 және 15 маусым, 12:00 – 17:00
АСТАНА:
👤«QAZAQ CONTENT» көрмесі
Көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген суретшілердің жұмыстары қойылады. Бұл – стильдік емес, мағыналық үндестікке негізделген экспозиция. Жобаның өзегі – халықтың рухани болмысы мен ішкі әлемін бейнелейтін мазмұн. Бұл – ұлттың өмірбаяны іспетті көркем әңгіме.
Өтетін орны: Forte Kulanshi Art Space, Достық көшесі, 8/1
Күні: 14 және 15 маусым, 10:00 — 20:00
Естеріңізге сала кетейік, арнамызда пікір жазып, белсенділік танытқан 5 оқырманға Қазақстанның кез келген қаласынан кино немесе театрға 2 билет (сеанс, күн мен уақытты таңдайсыз) сыйлаймыз немесе кітап сатып алу үшін 10 мың теңгелік сертификат табыстаймыз. Сондай-ақ айдың “ең үздік пікірі” номинациясы да бар. Пікірлер саны мен сапасы бойынша қорытынды әр айдың 1-інде шығарылады. Демалыс күндеріңіз сәтті өтсін!