Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥
1️⃣ Тас жолдағы велоспорттан Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Евгений Федоров Воллонгонгтағы әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.
Ол топтық жарыста үздік атанды (169.8 шақырым). Мәреге екінші болып Матиас Вачек (Чехия) келді. Норвегия намысын қорғаған Сорен Вереншельд қола жүлдені қанағат тұтты.. «Жарыс өте қиын болды. Мен үлкен дайындықпен келдім. Барлығы менен нәтиже күтті. Бұл қиынға соқты. Мен ешкімге жеңіске жетем деп уәде бермедім. Ұзақ дайындалдым, жаттықтырушылар штабы мені осы мақсатқа бағыттады, соның ішінде Испанияның Вуэльтасында дайындық шарасына қатыстым.
Көріп тұрғандарыңыздай, жеңіске жеттім. Қанша эмоция бар! Қандай ауыр күн болғанын айту қиын. Жаңбыр. Мен өте қуаныштымын. Командаға және маған көмектескендердің барлығына рақмет», — деп атап өтті отандасымыз. Айта кетейік, Қазақстан бұл турнирде соңғы рет 10 жыл бұрын жеңіске жеткен. Онда Алексей Луценко чемпион атанған.
Құтты болсын!👏🏻👏🏻👏🏻
2️⃣ Саясат Нұрбек ҰБТ-ны IELTS немесе TOEFL сияқты біліктілік деңгейін растайтын куәлік деңгейіне дейін көтерілетінін жеткізді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілетін өзгерістер туралы айтты.
Біріншіден, тестердің мазмұны қайта қаралады. Соның арқасында оқушының ҰБТ-ға қаншалықты дайындалғаны, сондай-ақ білім сапасы анықталады.
«Бұл жұмыс аяқталуға жақын. Келесі жылы бітіреміз. Толығымен жаңа әдістемелік сұрақтардың жиынтығы әзірленді. Талапкер заңсыз жолмен оны тапсыра алмайды. Бақылау шараларын шексіз күшейте беруге болатын еді. Әрбір адамның жанына бақылаушы қойып дегендей, бірақ онымен мәселе шешілмейді. ҰБТ-ны, камераны алдауға тиімсіз болатындай жасауымыз қажет», — деді Нұрбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Екіншіден, ұлттық бірыңғай тестілеуді IELTS немесе TOEFL сияқты біліктілік деңгейін растайтын куәлік деңгейіне дейін көтеру жоспарланып отыр.
ҰБТ-ға қандай өзгерістер енгізілгенін қалайсың?🤔
3️⃣ Астанада жел электр станциясы салынады.
Астанада шетелдік жеке қаражат есебінен жел электр станциясын (ЖЭС) салу жоспарланып отыр.
Бұл мәселе Италияның ENI мұнай-газ компаниясымен («Arm Wind» ЖШС), Қазақстан энергетика министрлігі өкілдерімен бірлесе пысықталып жатыр, деп хабарлады елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Жел электр станциясының қуаты бірінші кезеңде 50 МВт болады, ал одан әрі 100 МВт-тан аса ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы бұл жоба электр энергиясының қосымша маңызды көлемін құруға мүмкіндік береді. Осы арқылы құрылысы жүріп жатқан болашақ аудандарды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Осы мақсатта тартылатын шетелдік жеке инвестициялар сомасы 50 млрд теңгеге жуықтайды. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.