«7-20-25», Қазақ хандығы, Өскемен.15 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 15 Желтоқсан, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» кинокартинасы Португалияда гран-при жеңіп алды.

Белгілі қазақстандық кинорежиссер Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» кинокартинасы ең үздік фильм деп танылып, Еуропалық Парламентпен бірлесіп Брага қаласында жыл сайын өтетін «BRAGACINE» тәуелсіз кино халықаралық фестивалінде гран-при бірінші орынға ие болды.

«Біз бұл жобамен бірнеше жыл айналыстық және Қазақстанда бірінші болып толықметражды көркем фильм мен тарихи сериалды іске қостық. Менің ойымша, фильм тарихымызды тек біздің елімізде ғана емес, тыс жерлерде де көрсетуге лайықты», – деді кинорежиссер Рүстем Әбдіраш.

Қазақстандық фильмді көрген португалдық кино және теледидар саласындағы сарапшылар, сондай-ақ болашақ кинематографистер қазақ тарихымен, мәдениетімен және көшпелі өркениеттің өмірімен қызығушылықпен танысты. Кинофестиваль директоры, Минью университеті Кинематография институтының профессоры Артур Барроса Морейра Қазақстанның шығармашылық тобын құттықтай отырып, жеңімпаз фильмнің жоғары көркемдік деңгейін атап өтті.
Ол қазақстандық кинематографпен алғашқы танысу шынайы достық пен серіктестіктің бастамасы және жалғасын табатынына үміт білдірді.

Фестиваль аясында бірнеше еуропалық дистрибьюторлар қазақстандық фильмді ағылшын тілді көрермен үшін прокатқа шығаруға ниет білдірді.
«BRAGACINE» – Португалияда 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан және Еуропа, Америка және Азия фильмдерін жинайтын халықаралық тәуелсіз кинофестиваль. Биылғы жылы 20-шы мерейтойлық байқау округтің муниципалитеті басшылығының, саясаткерлердің, дипломаттар, танымал актерлер, сыншылар және Минью университетінің болашақ кинорежиссерларының қатысуымен «Braga Parque» ең үлкен кино орталығында өтті.

Сондай-ақ кинофильм «Ең үздік режиссерлік жұмыс» номинациясына ие болды.🔥

2️⃣ «7-20-25» бағдарламасы 2029 жылға дейін созылуы мүмкін.

Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, президент сайлауалды тұғырнаманы іске асыру аясында «7-20-25» бағдарламасын 2029 жылға дейін жалғастыруды тапсырған.

«Қазіргі таңда Ұлттық банк үкіметпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жекелеген, соның ішінде қаржыландыру мәселесімен байланысты параметрлерді нақтылап жатыр», – делінген хабарламада.

Талқылау аяқталғаннан кейін қабылданған шешім жұртшылыққа жария етіледі.

Еске салсақ, «7-20-25» бағдарламасы 2018 жылы іске қосылған еді. Төрт жыл ішінде қолжетімді ипотека халық тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Бағдарлама аясында 1 триллион теңгеге несие беру жоспарланды. Қазір ақшалай лимиттің 811 млрд теңгеден астамы игерілді.

Керемет! Ал сіз бағдарлама аясында пәтер алып үлгердіңіз бе?🤔

3️⃣ Өскеменде қардың рекордтық деңгейі жауды.

30 сағат бойы тоқтаусыз жауған қардың биіктігі бір метрден асты.😮

Қазір қалың қармен 200-ден астам коммуналдық қызметкерлер күресіп жатыр.

«Автобустар жүретін барлық негізгі магистральдар ашық, таңертең автобус құрамының 207 бірлігі шықты. Ауа-райының қолайсыздығымен біз күресеміз. Жұмыстар қаланы толық тазартқанға дейін жұмыс жалғасады», – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Денис Федченко.
Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде қарлы тосынсыйлармен бөлісіп жатыр.