7–8 маусым күндері Алматы мен Астанада қайда тегін баруға болады? 

Автор: редактор 07 июня, 2025


7–8 маусым күндері Алматы мен Астанада қайда тегін баруға болады? 

Құрметті оқырман! #Үйдежатпа ұжымы арнайы сіздер үшін осы демалыс күндері Алматы мен Астанада тегін баруға болатын таңдаулы іс-шаралар топтамасын дайындады. Өкінішке қарай, басқа қалалардан нақты мәлімет түспеді. Егер сіз өз қалаңызда өтетін көрмелер мен мәдени іс-шаралардан хабардар болсаңыз, бізбен пікір алаңында бөлісуді ұмытпаңыз.

 

АЛМАТЫ:

🗣The Spirit of Tengri музыкалық фестивалі

Биыл Орталық Азиядағы ең ірі заманауи этникалық музыка фестивалі The Spirit of Tengri сахнасында Италия, Ұлыбритания, Колумбия, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген ethno-world жанрындағы үздік әртістер өнер көрсетеді.

Фестивальдің арнайы қонағы — Башқұртстаннан келген AY YOLA тобы.

Сонымен қатар көрермендерді Handmade жәрмеңкесі, этногрим аймақтары мен ұлттық ойындар күтіп тұр. Кеш соңында аспанды жарыққа бөлейтін ерекше дрондар шоуы өтеді.

Өтетін орны: Абай алаңы (Республика сарайының алды)

Күні: 7 және 8 маусым, 17:30 – 20:00

 

👀“Нүкте мен Сызық” көрмесі

Бұл — ұстаз бен шәкірттің, Арыстанбек Шалбаев пен Айша Бақтығұлованың арасында өрбіген шығармашылық диалог. Мұндағы абстракт өнер пішін туралы емес, ішкі күй туралы сыр шертеді. Авторлардың туындылары — ақылмен емес, жүрекпен сезінуге шақыратын, әлемді эмоция арқылы бейнелейтін шығармалар. Нүкте мен сызықтың үйлесімі — түйсік пен қабылдаудың өзіндік тіліне айналған көркем әлем.

Өтетін орны: Efes Art Space, Желтоқсан даңғылы, 137

Күні: 7 және 8 маусым, 10:00 – 19:00

 

💪Баха Бүбіханова атындағы заманауи өнер байқауының финалистер көрмесі

Заманауи өнерге арналған бұл байқауға биыл 24 қаладан 124 суретшінің және 6 шығармашылық топтан барлығы 130 өтінім түскен. Солардың ішінен қазылар алқасы 10 үздік финалисті таңдап алды. Көрмеге қойылған жұмыстардың идеялық өзегі — болмыс пен қоғам құрылымын зерттеу. Бұл тақырыптар — суретші Баха Бүбіханованың шығармашылығында кеңінен көрініс тапқан терең дүниелер. Байқау жеңімпазы 1 000 000 теңге көлеміндегі сыйақыны иеленіп, оның туындысы Қазақстандағы ең ауқымды өнер топтамаларының бірі — Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қорына қабылданады. 

Өтетін орны: Aspan Gallery, Әл-Фараби даңғылы, 140

Күні: 7 және 8 маусым, 11:00 – 19:00

☀️“Baqsylyq” көрмесі

Бұл көрмеде көрермендер Қазақстанның заманауи өнер өкілдерінің туындылары арқылы Орталық Азия халықтарының қазіргі мәдени мұрасы мен шаманизм ұғымының тарихи-әлеуметтік байланыстарын тамашалай алады. Сондай-ақ қонақтарды сан түрлі тосын өнер нысандары күтеді. Олардың қатарында XVIII ғасырдан бастау алатын көне зергерлік бұйымдар секілді мәдени артефактілер де бар.

Өтетін орны: Egin Art Space, Нұрмақов көшесі, 79-үй

Күні: 7 және 8 маусым, 12:00 – 17:00

 

 

АСТАНА:

👥«QAZAQ CONTENT» көрмесі

Көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген суретшілердің жұмыстары қойылады. Бұл – стильдік емес, мағыналық үндестікке негізделген экспозиция. Жобаның өзегі – халықтың рухани болмысы мен ішкі әлемін бейнелейтін мазмұн. Бұл – ұлттың өмірбаяны іспетті көркем әңгіме.

Өтетін орны: Forte Kulanshi Art Space, Достық көшесі, 8/1

Күні: 7 және 8 маусым, 10:00 — 20:00

🍒“Magic All Around – күнделікті өмірдегі сиқырлы ойлау” көрмесі

Бұл көрме – сиқырлы ойлаудың визуалды мысалдарын ұсынатын ерекше жоба. Астрологияға сенім, бал ашу, тұмарлар, ырымдар мен көз тию сынды ғылыми негізі жоқ, бірақ өмірімізде кең таралған құбылыстар осы тақырыптың өзегіне айналған.

Өтетін орны: Chili Grill, Желтоқсан көшесі, 2Т

Күні: 7 және 8 маусым, 13:00 — 03:00

Естеріңізге сала кетейік, арнамызда пікір жазып, белсенділік танытқан 5 оқырманға Қазақстанның кез келген қаласынан кино немесе театрға 2 билет (сеанс, күн мен уақытты таңдайсыз) сыйлаймыз немесе кітап сатып алу үшін 10 мың теңгелік сертификат табыстаймыз. Сондай-ақ айдың “ең үздік пікірі” номинациясы да бар. Пікірлер саны мен сапасы бойынша қорытынды әр айдың 1-інде шығарылады. Демалыс күндеріңіз сәтті өтсін!