«Үйде жатпа» күнтізбесі. 14 қараша: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 14 ноября, 2023


🎂Бүгін — Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні. 14 қарашаның таңдалуының себебі: осы күні инсулин жасау арқылы көптеген адамның өмірін сақтап қалған Нобель сыйлығының лауреаты Фредерик Бантинг (1891-1941) дүниеге келді. Қант диабеті — атеросклероз және қатерлі ісік сияқты мүгедектік пен өлімге әкелетін аурудардың бірі. Дүниежүзінде шамамен 537 миллион адам қант диабетімен ауырады. Оның 400 мыңнан астамы — қазақстандықтар. Аурудың дамуының негізгі факторлары — қозғалыстың аз болуы, дұрыс тамақтанбау, семіздік, стресс және тұқым қуалаушылық. 

Барлық оқырманымызға зор денсаулық тілейміз!

📝14 қараша халықаралық логопед күні аталып өтеді. Логопедтің міндеті — сөйлеу кемшіліктерін зерттеу, оларды анықтау және арнайы әдістер қолдану. Бүгінгі таңда логопед тұтынушыларының көпшілігі мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балалар. Сондай-ақ мұндай мамандар ересектердегі сөйлеуге байланысты мәселелерді де шешеді. Логопедтің жұмысы үлкен жауапкершілікке толы. Өйткені дұрыс сөйлеу – өзіне деген сенімділіктің кепілі. 

 

Егер таныс логопедтер болса, оларды мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз!

👁‍🗨2013 жылғы 14 қарашада Қазақстан тұтынушыларының құқықтарын қорғау агенттігі құрылды. Оның қызметіне тұтынушыларға сатылатын өнімдер мен қызметтерге қойылатын техникалық регламенттер, нормативтік құжаттар, сондай-ақ оны өткізу сатысында тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласында белгіленген талаптардың сақталуын бақылау мен қадағалау жатады. Бүгінде оның функциялары мен өкілеттіктері сауда және интеграция министрлігінің тиісті комитетіне берілді.

 

Егер сізде өнімді немесе қызметті сатып алуда қиындықтар туындаса, сіз бұл туралы веб-сайтқа жаза аласыз https://e-tutynushy.kz

👥14 қараша — екі танымал ер адамның туған күні. Бүгін Ұлыбритания королі Карл III 75 жас мерейтойын атап өтеді.  Ол Ұлыбритания тарихында ең ұзақ билікте болған тақ мұрагері әрі Уэльс ханзадасы болды. Сондықтан оны «ханзада Чарльз» деп атады. Ол таққа 73 жасында келді. Ал билік басталған кезде ең қарт патшалардың бірі атанды. Сондай – ақ бүгін қазақ боксшысы, Шыңғыс ханның алтын белбеуінің иегері Айдос Ермосынұлы 32 жасқа толды. Ол WBA International, WBO Global және WBC Asian чемпионы. Өткен жылы мансап жолында ол алғаш рет жеңіліске ұшырады. Ал жарақатынан кейін миына қан кетіп,  ауруханада жасанды комаға жатты. Қазір спортшы тексерістен өтіп, келесі жылы рингке оралуға уәде берді.

 

Айдосқа мансап жолында тек жеңістер тілейміз!

#