«Үйде жатпа» күнтізбесі. 21 қараша: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 21 ноября, 2023


💡2008 жылы 21 қарашада Қазақстанның бастамасымен түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы құрылды. Келісімге Әзірбайжан, Түркия, Қазақстан және Қырғызстан парламенттерінің төрағалары Ыстамбұлда өткен конференцияда қол қойды. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – түркітілдес елдердің парламентаралық байланысын қалыптастыру, саяси көзқарастарды жақындастыру, ақпарат алмасу, түркі мәдениетін насихаттау, экономикалық байланыстарды кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, түркі әлемінің мәселелерін шешу жолдарын табу.

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба? 

📺21 қарашада БҰҰ бастамасымен Дүниежүзілік телевизия күні аталып өтеді. Бүгінгі таңда телевизия —  адамдарға әсер ете алатын орасан күш әрі қоғамды қалыптастыру тәсілі. Мереке мақсаттарының бірі — телеарналық бағдарламаларды жариялау, әртүрлі қауіп-қатердің алдын алу, мәдени бағытты дамыту және зорлық-зомбылық, геноцид сынды өрескел тақырыптарға назар аудару. Елімізде алғашқы отандық телевизия 1958 жылдың наурыз айында іске қосылды. Қазіргі таңда 24 телеарна жұмыс істейді. 

Барлық телевизия қызметкерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!

⌛️2005 жылдың 21 қарашасында Антарктиданың бір шыңы «Астана» деп аталды. “Қазақстан – Антарктида – 2005” спорттық экспедициясының мүшелері Қазақстанның халықаралық беделін арттыру мақсатында мұз құрлығының атауы жоқ екінші шыңын бағындырып, оған бас қаламыздың атауын берді. Еске сала кетейік, алғашқы аты болмаған бірінші тау “Қазақстан” болды. Сонымен қатар қазақстандық альпинистер Антарктиданың ең биік нүктесі Винсон шыңын (4892 м) екі рет бағындырды. 

👋21 қараша — Дүниежүзілік сәлемдесу күні. Бұл мерекені 1973 жылы американдық ағайынды Майкл мен Брайен Маккомак Мысыр мен Израиль арасындағы қақтығыстың қызған шағында әскери шиеленіске қарсы наразылық белгісі ретінде ойлап тапқан. Аталмыш идея әлемнің 180-нен астам елінде қолдау тауып, содан бері түрлі мамандық иелері, ірі саяси көшбасшылар мен миллиардерлер, әлемге әйгілі кино және теледидар қайраткерлері атап өтеді. Әр халықтың өзіне тән амандасу дәстүрі бар. Ал оның баршаға ортақ мағынасы – адамдар бір-біріне жақсылық пен денсаулық, амандық пен іскерлік табыс тілейді. Әлемдегі қазіргі жағдайды ескере отырып, бұл күннің маңыздылығы арта түсті.