Ақша, Банкрот, Президент.13 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 13 Желтоқсан, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ 18 жасқа толған бала Ұлттық қордан 4 мың долларға дейін ақша ала алады.

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында кәмелетке толған бала шотынан 3 мың доллардан 4 мың долларға дейін ала алатынын жеткізді.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-і балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына ақпан айынан бастап аударылады. Бұл ақшаны мерзімінен бұрын алуға тыйым салынады.

Бала кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Алайда бала азаматтығын өзгерткен немесе жоғалтқан жағдайда төлем алу құқығынан айырылады. Ұлттық қордан берілетін қаражатқа салық салынбайды.

Қордың ақшасы келесі жылы ақпан айынан бастап түсе бастайды.✔️

2️⃣ Қазақстандық Юрий Польский Азия теннис федерациясының президенті қызметіне сайланды.

Бүгін ATF бас сессиясы кезінде ұйым басшысы сайланды. Бұл қызметке Польскийден бөлек Тайланд, Жапония мен Шри-Ланкадан тағы үш үміткер ұсынылды. Дауыс беру нәтижесі бойынша қазақстандық маманды 55 делегаттың 34-і қолдады. Осылайша, Польский 4 жылға президент қызметіне сайланды. Сондай-ақ ол Азия теннис федерациясының директорлар кеңесін де басқарады. Бұған дейін Польский вице-президент болған.

«Сайлаудың негізгі факторы соңғы 16 жылда Қазақстан теннис федерациясы жүргізіп келе жатқан реформалар болды. Бұл тәжірибемен Қазақстан теннис федерациясының өкілдері өңірлік бастамалар шеңберінде бөліседі және осыған ұқсас өзгерістер 44 елде теннисті дамыту үшін зорәлеуетке ие Азия өңірі елдерінде жоспарланған», – делінген ресми хабарламада.

Бұдан бөлек, Болат Өтемұратов Қазақстан теннис федерациясының президенті қызметіне тағы төрт жылға сайланды.

Құтты болсын!👏🏻

3️⃣ Қазақстанда 10 мыңға жуық адам банкрот деп танылды.

Вице-министр Е.Біржановтың айтуынша, 80 мыңнан астам адамның өтініші қаралып, қазір 10 мыңға жуық адам банкрот деп танылып жатыр. Бұл жұмыс наурыз айында басталған. Содан бері алты ай уақыт құжаттарды тексеру рәсімдеріне арналған. Ал алғашқы банкрот мәртебесін алғандар қыркүйек айынан басталған.

Осыған байланысты қосымша заңнамалық өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, банкроттық процесті жеңілдету қарастырылған. Осы орайда банктен алатын құжаттардың санын азайту, қосымша құжаттарға тыйым салу ескерілген.

Елімізде банкроттық процесс жеңілдетіледі. 📌