Ақша, Грант, Қазақ тілі. 15 маусымның топ жаңалықтары

Автор: редактор 15 Маусым, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Ұлттық қордан балалардың шотына
ақша 2024 жылы 1 қаңтардан бастап аударылады.

Бұл туралы sputnik.kz мәлімдеді. Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақтың айтуынша, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленді. Әзірленген жобаға сәйкес, ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылып отыр.

«Біріншісі – тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Екіншісі – білім алу. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтарға ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді», – деді депутат төменгі палатаның жалпы отырысында.

Заң жобасына сәйкес, егер бала Қазақстан азаматтығынан шықса, төлемдерді ала алмайды.
Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-і 18 жасқа дейінгі барлық балаға теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде (2,6 % мөлшерінде) айқындау жоспарланып отыр.

Құжаттарыңызды дайындай беріңіздер!✔️

2️⃣ Бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың 70 %-і қазақ тілінде білім алуға өтініш берген.

Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің хабарлауынша, 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау 2023 жылдың 1 сәуірінде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады.
Бүгінде 1-сыныпқа қабылдауға 249 737 өтініш түскен. Оның ішінде балалардың 70% – ға жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдады.

«Құжаттарды қабылдау штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Ата-аналар белсенді. Биылғы бірінші сыныпқа қабылданушылар арасында мемлекеттік тілде оқығысы келетіндер көп. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша Қызылорда (94,1%), Маңғыстау (93,2%), Ұлытау (82,5%), Түркістан (80,6%) және Жамбыл (79,4%) облыстары ең жоғары көрсеткішпен алда тұр», – деді комитет төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.

Қазір бірінші сыныпқа қабылдау бойынша өтінімдердің жоғары көрсеткіштері Қызылорда (92%), Ұлытау (83,7%), Шығыс Қазақстан (78%), Маңғыстау (87,1%) Түркістан (79,8%) облыстарында байқалады.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау мемлекеттік қызметі толығымен автоматтандырылған. 1-сыныпқа қабылдау Еgov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Бірінші сыныпқа балалар 6 жастан бастап ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады.

Сондай-ақ денсаулық жағдайы туралы құжаттар (026/у-3 нысаны және 065/у) және 3х4 өлшемді 2 фотосурет қоса беріледі. Алдын ала болжам бойынша, жаңа оқу жылында 410 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады.

Ал сіз қай бағытқа өтініш бердіңіз?🤔

3️⃣ Семей орманындағы өртке байланысты Қарағанды университеті жас түлектерге 10 білім грантын бөлді.

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Абай облысында орман өртінен зардап шеккен отбасыларда тәрбиеленіп отырған балаларға 10 білім беру грантын бөлді. Бұл туралы жоғары оқу орнының әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды.

«Сонымен қатар, Абай облысындағы өрттен қиындыққа тап болған отбасыларға гуманитарлық көмек көрсету үшін ашылған пунктіде Қарағанды Бөкетов университетінің еріктілері азық-түлікті сұрыптап және оны жөнелту үшін Достық үйінде көмек көрсетуде», – делінген хабарламада.

Айта кетері, Абай облысындағы өрт ошақтары оқшауланды. Қазіргі күні өрт сөндірушілер мен әскерилер өрт толық жойылғанға дейін оқшауланған ошақтарда өрт толық сөнгенге дейін жұмыс істейді.

Жақсы бастама👍🔥