Абай облысы, Банк, Ескерткіш. 30-шы қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 30 Қыркүйек, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Президент Абай облысының университеттеріне қосымша 500 грант бөлуді тапсырды.

Абай облысының жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлінеді. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Ақорданың хабарлауынша, президент облыста қазіргі заманға қажетті, жоғары деңгейдегі білікті мамандар даярлау үшін нақты шаралар қабылдануы керек екенін атап өтті.
Ол Семейде университеттердің жанынан IT саласы мен тілдерді тереңдетіп оқытатын мектептер ашылуы қажет деп санайды.

«Аймаққа қажетті кадрларды дайындау үшін тиісті стандарт әзірлеген жөн. Жастарымыз сапалы білім алып, туған өлкесін дамытуға үлес қосуға тиіс. Сол себепті, облыстағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлуді тапсырамын», – деді Тоқаев Абай облысының жұртшылығымен кездесуінде.

Мемлекет басшысы Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқанын еске салды. Қазір президенттің тапсырмасымен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұдан бөлек онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынуда.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек», – деді Тоқаев.
Айта кетері, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды. Бұл оның Абай облысы құрылғалы бері өңірге жасаған алғашқы сапары.

Жастарға үлкен қолдау болып жатыр екен!👍🔥

2️⃣ Ұлттық банк жаңа дизайндағы 20 мың теңгелік банкнотты айналымға шығарады.

1 қазанда Ұлттық банк номиналдық құны 20 000 теңгелік банкнотты айналымға шығарады.

«Банкнот айналымдағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде жасалған. Мысалы, бет жағында көбіне тігінен орындалған бейнелер, сырт жағында көлденең орындалған бейнелер орналасқан. Дизайны номиналдың голографиялық бейнесі тігінен орналасқан металсыздандырылған жолақты қолдана отырып жасалған», – делінген хабарламада.
Банкноттың 25 қорғаныш элементі бар, мөлшері 155х79 мм және сұр түске басымдық берілген.

Бет жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері, «Қазақ Елі» монументі, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы, «Басқұр» қазақ ұлттық ою-өрнегінің фрагменті және Тәуелсіздік жылдарын білдіретін «30» саны бейнеленген.
Банкноттың екінші бетінде Астананың және Ақорда резиденциясының панорамалық көрінісін көруге болады.

Номиналы 20 000 теңгелік жаңа дизайндағы банкнот өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдегі банктерде банктік шоттарға есепке алуға және аударуға, ұсақтауға, айырбастауға жатады.
Жаңа купюра «Қазақ Елі» сериясымен ұсынылған қазіргі таңда айналымда бар 500, 1 000, 2 000, 5 000 және 10 000 теңгелік номиналдағы банкноттардың қатарын толықтырады, делінген ҰБ хабарламасында.

Тағы қанша теңгенің жаңа дизайны болғанын қалайсың?🤔

3️⃣ Президент Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішін салтанатты түрде ашты.

Рәсімнен кейін Мемлекет басшысы халқымыздың ұлы перзенттерінің ұрпақтарымен және зиялы қауым өкілдерімен әңгімелесті.

Семейдегі Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішінің авторы – Нұрбол Қалиев.
Мүсін композициясы қоладан, тұғыры тұтас күрт гранитінен жасалған ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Өнер туындысы демеушілер есебінен бой көтерді.
Мемлекет басшысы Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовпен ескерткіш алдында суретке түскен.

Жаңа ескерткішті көрдің бе?