Абай, Су, Концерт. 9 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 09 августа, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Астанада Абайдың үлкен цифрлық портреті пайда болды

Елорданың сол жағалауында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының цифрлық бейнесі жұрт назарына ұсынылды.

65 метрлік портрет 53 мың пиксельден астам жаңа LED жарықтандырумен жабдықталған. Суреттің ою-өрнектері мен көк ту ұштасып жатыр.

Айта кетейік, қала тұрғындары бұл жерді шығармашылық бейнелер жасау үшін белсенді пайдаланып жатыр. Атап айтсақ, Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның әртісі, Астана тұрғыны Күлжанова Ұлжан скрипкада «Көзімнің қарасы» туындысын орындады.
Портрет пен анимация 16 тамызға дейін көрсетіліп тұрады.

Осыған дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 10 тамызда Қазақстанда Абай күні атап өтілетінін хабарлады. Ұлы ақынның 175 жылдығына орай оның шығармашылығына арналған 500-ден астам іс-шара өтеді.

Астаналықтар тамашаладыңыздар ма?😍

2️⃣ Қазақстанда суды ысырап еткендерге айыппұл бес есе артпақ.

Мәжіліс депутаттары Су ресурстары және ирригация министрлігімен су қатынастары субъектілерінің су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілігін арттыру мақсатында “Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын әзірледі.

Заң жобасы су қатынастары субъектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінде су пайдаланудың және шаруашылық қызметтің белгіленген режимін сақтау, Су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі су заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілігін қатаңдатуды көздейді.

Су объектілерін қолдануға арналған тыйым белгілерін жойғаны үшін айыппұл артады:

— жеке тұлғалар үшін 5-тен 50 АЕК-ке дейін;
— лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілерінен немесе коммерциялық емес ұйымдарға 30-дан 300 АЕК-ке дейін;
— орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 70-тен 700 АЕК-ке дейін;
— ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 100-ден 1000 АЕК-ке дейін.
Еске сала кетейік, елімізде АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемі 3 692 теңге.

Сонымен қатар су объектілерін заңсыз иеленгені үшін айыппұл көлемі өседі:

— жеке тұлғалар үшін 30 дан 150 АЕК дейін;
— лауазымды тұлғалар, шағын кәсіпкерлік субъектілерінен немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 40-тан 200 АЕК-ке дейін;
— орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 60-тан 300 АЕК-ке дейін;
— ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 260 — тан 1300 АЕК-ке дейін.
Одан бөлек, суды мақсатсыз пайдаланғаны үшін айыппұл артады:
— жеке тұлғалар үшін 10-нан 50 АЕК-ке дейін;
— лауазымды тұлғалар үшін, шағын кәсіпкерлік субъектілерінен немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 20-дан 100 АЕК-ке дейін;
— орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 30-дан 150 АЕК-ке дейін;
— ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 170 — тен 850 АЕК-ке дейін.

Жоба «Ашық НҚА» порталында 22 тамызға дейін жұртшылықтың талқысына ұсынылып отыр.

Қалай ойлайсыз, дұрыс па?🤔

3️⃣ Астанада Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқау өтеді.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

2024 жылғы қыркүйекте Астанада аты аңызға айналған әнші Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқау өтеді. Бұл ауқымды мәдени шара ұлы орындаушының шығармашылығын насихаттауға, сондай-ақ ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің үздік дәстүрлерін жаңғыртуға, дамытуға бағытталған. Байқау талантты жас вокалистерді әлемге танытып, оларды қолдау үшін маңызды алаңға айналады.
Байқауға республикалық, халықаралық және телевизиялық вокалдық конкурстардың қатысушыларын, сондай-ақ мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының студенттерін қоса алғанда, 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы вокалистер шақырылады.

Өтінімдерді 2024 жылғы 1 қыркүйекке дейін қабылдайды.

Байқаудың ерекшелігі – Роза Бағланованың репертуарындағы бір әнді міндетті түрде орындау. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға қазақтың ұлы әншісінің мұрасымен танысып, халықаралық сахнада өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік береді.

Байқау ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізіледі. Сондай-ақ әр елдің вокалистеріне өз талантын көрсетіп, мәдени мұраны сақтау мен дамытуға үлес қосуға бірегей мүмкіндік береді.

Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен вокалистер шақырылады екен🔥