Адина Жайлова, Жүргізуші, Цифрлық оқулық. 7 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 07 марта, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Келесі жылы оқушылар цифрлық оқулықтармен 100% қамтылады.

Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде оқулықтардың 79%-і цифрлық форматқа көшіріліп, мемлекеттік сараптамадан өтті және оқулықтар тізіміне кірді. Сонымен қатар виртуалды зертханалар мен геймификация элементтері цифрлық контентке енгізілуде.

«Электронды оқулықтарды әзірлеу жұмысына еліміздегі 11-ден аса отандық баспа атсалысты. Пәндерді электронды оқулықтармен 100% қамту 2024 жылға жоспарланған», — деді Бейсембаев үкімет отырысында.

Электронды оқулықтарға толықтай көшуді қоладайсың ба?🤔

2️⃣ Қарағандының оқушысы Адина Жайлова АҚШ-тың төрт бірдей белді университетінен шақырту алды.

Облыстық әкімдіктің ресми сайтының мәліметінше, Адина Назарбаев зияткерлік мектебінде 12-сыныпта оқиды. Ол өз өтінімдерін бірнеше әлемдік жоғары оқу орындарына жіберді. Оған АҚШ-тың бірден төрт университеті — Джон Хопкинс университетіне (John Hopkins University), сондай-ақ Питтсбург (University of Pittsburgh), Мичиган штатындағы (Michigan State University) және Бостондағы (Northeastern University) университеті шақыру жіберді.

Қарағандылық оқушы Джон Хопкинс университетін таңдады. Іріктеуден өту өте қиын. Жыл сайын оған 30 мыңнан астам адам түсуге тырысады, бірақ үміткерлердің тек 6% ғана өтеді. Джон Хопкинс университетінің түлектері арасында Нобель сыйлығының 27 лауреаты бар.

«Университетте биохимияны оқығым келеді. Менде екінші курстың соңында мамандық туралы шешім қабылдауға мүмкіндігім бар. Қазақстанда ғылымның дамуына өз үлесімді қосу үшін PhD алуды жоспарлап отырмын», ‒ дейді Адина Жайлова.

Қазіргі кезде оқушы қыз бар күш-жігерін оқуға және өзін дамытуға салып жатыр. Спортқа да уақыт бөлуге тырысады. Адина футболды жақсы көреді.

Жарайсың, Адина!😍 Құтты болсын!👏🏻

3️⃣ Қазақстанда көлік жүргізушілерін онлайн оқыту тоқтатылады.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті жүргізуші куәлігін беру талаптарына түзетулер енгізеді. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Қоғам талқылауына ұсынылған құжат жобасында оқыту сапасын арттыру мақсатында онлайн және қашықтан оқыту нысандары жойылатыны жазылған.

Ұсынылған жаңа редакцияда әрбір пән бойынша теориялық сабақтар күніне екі сағаттан, ал практикалық сабақтар алты сағаттан аспайтындай жоспарланатыны жазылған.
Механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру жөніндегі қағидаларына тиісті өзгеріс енгізу ескерілген. Құжатты талқылау 24 наурызға дейін жалғасады.

Бұл өзгеріске қалай қарайсың?😉