Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ «Айқай» фильмінің әлемдік премьерасы Пусан кинофестивалінде өтеді.
«Айқай» фильмі 4-13 қазан аралығында өтетін әйгілі Пусан кинофестивалінің А Window on Asian Cinema («Азия киносына терезе») бағдарламасында көрсетілетін болды. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметі.
Фильмнің режиссері – Кенжебек Шайқақов. «Айқай» – режиссердің екінші толықметражды жұмысы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген алғашқы фильмі.
«Халықаралық кинофестивальдерде біздің фильмдерімізге деген сұраныс жоғары екенін көріп отырмыз. Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірінде көрсетілетін «Айқай» кинокартинасы – осының дәлелі. Жалпы киноиндустрия өкілдері және біздің орталық жұмысты бір жүйеге қойып, әр фильм өз мақсатын айқындауға тиіс. Бізге нақты нәтижелер керек. Бізге фильмдеріміздің сөрелерде шаң басып жатқаны емес, олардың прокатқа шығуы, фестивальдерге қатысып, жетістіктерге жетуі маңызды», – деді ҰКҚМО басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
«Айқай» фильмі көрермендерге екі аяқсыз туған бас кейіпкердің өмірі арқылы ядролық жарылыстан зардап шеккен Семей полигоны құрбандарының тағдырын және анасынан айырылған баланың әкесіне жанашырлығын, қамқорлық жасауға деген талпынысын баяндайды.
Көркем фильмнің түсірілімі Абай облысы Аягөз ауданы Шыңғожа ауылында өтті. Басты рөлдердерде Орынбек Шаймағанбетов, Арнұр Акрам, Ерболат Әлқожа, Бейнұр Баймұхамбетов, Ерлан Малаев, Айбек Иманқұлов және Айғаным Нұрсұлтан ойнайды.
Айта кетері, Busan International Film Festival – 1996 жылдан бастап жыл сайын Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтетін Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірі.
🎞️ Бұл фильм Семей полигоны құрбандарының тағдырын баяндайды.
2️⃣ Қызылжарда қияр мен қызанақ топырақсыз өсіріледі.
Бұл туралы «Астана» телеарнасы мәлімдеді.
32 мың шаршы метр аумақты алып жатқан мега жылыжай теріскейдегі ең ауқымды ферма болып саналады. Кешенде қысы-жазы қияр мен қызанақ өсіріледі. Жылына 3 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік бар. Жылыжайдың ерекше технологиясы таңғалдырады. Фермада қара топырақ мүлдем қолданылмайды.
«Біздің әдіс гидропоника деп аталады. Яғни, өсімдіктің тамыры топырақтың ішінде емес, минералды мақтаның ішінде жайылады. Қияр мен қызанаққа қажетті микро және макроэлементтер сумен араластырылады», — дейді жылыжай кешенінің директоры Екатерина Асаёнок.
Жылыжай басшылығы алғашқы өнімді қараша айында алуды жоспарлап отыр. Ферма аймақ сұранысының 30 пайызын қамтымақ.
Жаңа көкөніс фермасы заманауи технологиямен жұмыс істейді.🔥
3️⃣ Патриоттық танытқан азаматтарды наградтайтын жаңа медаль бекітілді.
Оқу-ағарту министрі тиісті бұйрыққа қол қойды.
«Ел үміті медалі» — патриоттық танытқан және белсенді азаматтық ұстанымы үшін берілетін ерекшелік белгісі. «Ел үміті медалі» ерекшелік белгісін алуға 14 жастан 35 жасқа дейінгі балалар мен жастар ұсынылады», — деп жазылған министр Ғани Бейсембаев қол қойған бұйрықта.
Еске салайық, бұған дейін бұл награда «Елбасы медалі» деп аталған. Сонымен қатар оған тек 29 жасқа толмаған қазақстандықтар ұсынылатын. Енді «Ел үміті медалін» Оқу-ағарту министрлігі табыстамақ.
«Ел үміті медалі» енді 14-тен 35 жасқа дейінгі азаматтарға беріледі.😍