Айыппұл, Қала, Көмек. 16 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 16 Сәуір, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақстандағы ең лас қалалар тізімінде Астана мен Алматы көш бастап тұр.

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының бас сарапшысы Алмас Ысқақов мәлім етті.

“Бүгінде 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполистің ішінде ең лас қалалар қатарына Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Өскемен және Шымкент жатады. Еліміздегі атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау республиканың 69 елді мекенінде 170 бақылау бекетінде, оның ішінде 47 қолмен сынама алу және 130 автоматты бақылау бекетінде жүргізіледі”, – деді Алмас Ысқақов министрлікте өткен онлайн брифингіде.

Оның сөзінше, егер Қарағанды, Теміртау, Атырау және тағы басқа қалаларда ауаның ластану себептері өнеркәсіппен байланысты болса, ал Астана мен Алматыда автокөліктен шығатын шығарындылардың көптігінен ауа ластанып отыр.

“2023 жылғы Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша республика бойынша автокөлік құралдарының саны 4 449,3 мың бірлік. Оның ішінде көліктердің 50% (2 224,6 мың бірлік) жасалғанына 20 жылдан асып кеткен. Өткен жылы желтоқсан айында Алматыда 600 мыңға жуық автомобиль тіркелген, күн сайын қалаға 700 мыңнан астам көлік кіреді. Астана қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, елордада 320 мың автокөлік тіркелген, оның 50% пайдаланғанына10 жылдан асқан.

Жалпы, қала бойынша Еуро 4 және 5 стандартына сәйкес келетін автокөліктің саны 90 мыңнан аспайды”, – дейді спикер.

Маманның айтуынша, автокөліктен шығатын шығарындылардың көптігінен ауа ластанып отыр.☝🏻

2️⃣ Су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар жаңа тәсілмен көмек алуға өтініш бере алады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылғы 16 сәуірде су тасқынынан зардап шеккендер смартфон арқылы көмек алуға өтініш бере алатынын мәлімдеді.

Әзірге Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккендерге Egov Mobile қосымшасы арқылы көмек алуға өтінім беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

«Жаңа функционалды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп әзірледі.»,- делінген ақпаратта.

Еңбек министрлігі өтінім беру реттілігін түсіндірді:

* Egov Mobile мобильді қосымшасына кіру;
* Басты бетте «Су тасқынынан зардап шеккендер бойынша жаңа сауалнама» қызметін табу;
* Ашылған терезеде зардап шеккендер туралы барлық қажетті деректер мен ақпаратты, соның ішінде банктік шотты, байланыс телефонын, оқиғаның мекенжайын, уақытша тұрғын үй мен зардап шеккен мүліктің болуын немесе болмауын, келтірілген залалдың сипаттамасын көрсету;
* Барлық деректерді толтырғаннан кейін сауалнамаға ЭЦҚ көмегімен қол қою қажет.

«Әлеуметтік көмек» автоматты ақпараттық жүйесі арқылы өтінім оқиға орын алған ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдарға (бұдан әрі – ЖАО) түседі. Өңделген өтінімдер бойынша зардап шеккен мүлікке көшпелі бағалау жүргізіледі және қажетті қолдау көрсетіледі. Бағалауды жүргізуді бақылау фото және бейнетүсірілім, сондай-ақ FSM social арнайы мобильді қосымшасы арқылы геофиксациялау арқылы тіркелетін болады”, – деді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Еңбек министрлігі өтінім беру реттілігін түсіндіріп өтіпті.📌

3️⃣ Қызғалдақ терген қазақстандық қызға миллиондаған теңге айыппұл салынуы мүмкін.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, полицейлер әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде Қызыл кітапқа енген және заңмен қорғалған қызғалдақты терген студентті анықтаған.

Қыз құрып кету қаупі төніп тұрған Грейг қызғалдақтарын теріп жатқанын видеоға түсірген. Полиция бұл оқиғаға қатысты тергеуді бастады.

«Ол Ұялыжар ауылдық округінде орналасқан далада Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлып, видеоға түсіріп, өз парақшасына жариялады. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар өсімдік түрлерін алу дерегі полиция бөлімінде тіркелген. Барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деді баспасөз қызметі.

Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жойғаны үшін заңға сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны атап өтілді.

Абай болыңыздаршы!🙌🏻