Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ Оңтүстік Кореяда сотталған қазақстандықтар айыппұл төлеп, елге оралатын болды.
«Инчхон қаласының аймақтық соты ҚР азаматтарының әрқайсысына 3 млн корей вон көлемінде (1 млн теңгеден астам) айыппұл салу, одан кейін елден депортациялау туралы шешім шығарды. Айыппұлды сот белгілеген мерзімде – 7 күнде төлей алмаған жағдайда, оларға айыппұлды өтеу үшін 30 күн жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі», — деп жазылған Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Қазақстандық дипломаттар ҚР азаматтарына барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсеткен. Олардың туыстарымен және жергілікті құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста болған және сот процесіне де қатысқан.
Сонымен бірге, олардың адвокаты Мейіржан Шекеев әлеуметтік желіде айыппұл төлеуге халықтан ақша жинай бастады.
Аман-есен елге оралсын🤲🏻
2️⃣ Магистратураға грант конкурсына құжат қабылдау басталды.
Бүгін магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталды. Ол 20 тамызға дейін (қоса алғанда) жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, 40 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырған. Оқуға түсушілердің 41%-ы немесе 16 мыңнан астам адам шекті балл жинады. Олар грант конкурсына қатыса алады.
Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады. Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 11-20 тамыз аралығында ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары, оның ішінде онлайн виртуалды комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Яғни, болашақ магистранттар құжаттарын дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады.
Жақындарыңызға ескертіп қойыңыз👍
3️⃣ Олимпиада медаліне үміткер спортшыларға ай сайынғы төлемнің мөлшері анықталады.
Олимпиада медаліне үміткер спортшылар мен жаттықтырушыларғаберілетін ай сайынғы төлемдерді анықтау критерилері енгізіледі, деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігі.
Ведомство «Жоғары санатты спортшылар, жаттықтырушылар және жоғары санатты спортшыларды даярлайтын дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандармен спорттық қызмет туралы шарт бойынша ақша төлемдерінің мөлшерін бекіту туралы» бұйрыққа өзгертулер әзірледі.
«Бұйрық жобасына сәйкес, спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы төлемнің ең төменгі және ең жоғары мөлшері анықталады. Олимпиада, Паралимпиада немесе Сурдлимпиаданың медаліне үміткер спортшыларға ай сайынғы төлем мөлшері спортшының ағымдағы олимпиадалық циклде Әлем немесе Азия чемпионатының/кубогының жеңімпазы немесе жүлдегері болуына байланысты белгіленеді», — дейді министрлік.
Ал жаттықтырушылар мен бас жаттықтырушылар ересектер арасындағы әлемдік және құрлықтық біріншіліктерде медаль жеңіп алу бойынша міндеттемені алуғатиіс. Бұл жаттықтырушы-кеңесшілерге де, яғни тек Олимпиада жүлдесіне үміткер спортшыларды даярлайтындарға ғана қатысты.
«Құжаттың жаңа редакциясында сомасы мен төлеу мерзімі өзгерген жоқ. Мысалы, Олимпиада медаліне үміткер спортшы ай сайын шартта белгіленген соманың 50%–ын (700-ден 7500 АҚШ долларына дейін) алады, қалған бөлігі медаль жеңіп алу бойынша міндеттеме орындалған жағдайда ғана төленеді», — деді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.
Ал сіз қанша теңге белгіленгенін дұрыс деп есептейтін едіңіз?🤔