Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️
1️⃣ Қазақстанда 12 желтоқсанда Алаш күнін мемлекеттік деңгейде атап өту ұсынылды.
Sputnik.kz ақпаратынша, мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Қазақ хандығы 1847 жылы мемлекет ретінде тарих сахнасынан кеткеннен кейін араға тура 70 жыл салып, 1917 жылы желтоқсанда сол Қазақ хандығының жер аумағында Алаш ұлт-азаттық қозғалысы заманауи Қазақ ұлттық мемлекетінің іргетасын қайта көтергенін еске салды. Сол жылдың 5-12 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен Екінші жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайында Алаш орда ұлттық кеңесін жасақтап, көпшілік дауыспен Алаш Республикасы үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.
«Бұл туралы Әлімхан Ермеков «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтардағы санында: «…Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді…» деп жазған болатын. Іс жүзінде хандық үлгідегі ыдырап кеткен Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртуда, яғни, бүгінгі тәуелсіздіктің негізін қалауда 20 ғасырдың басында заманауи Қазақ мемлекетін құруға ұмтылыс жасап, білім мен қажыр-қайратын салып, осы жолда шахид болған Ұлт көсемдерінің, Алаш Республикасы арыстарының рөлін ерекше атап өтуіміз керек», — деді Дүйсенбинов премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат биыл Алаш Республикасының құрылғанына 105 жыл толғанын айтты.
Өкінішке қарай, бұл тарихи дата тағы да атаусыз қалды.
«Бүгінде тарихи әділдікті орнататын күн жетті деп санаймыз. Тарих тағылымын ұрпаққа насихаттау мақсатында «Ақ жол» фракциясы Алаштанушы ғалымдардың бастамасын қолдай отырып, Тәуелсіздік күні қарсаңындағы 12 желтоқсанды – тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш Республикасының құрылған күні ретінде – «Алаш күні» деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұрайды», — деді Дүйсенбинов.
Ал сен қалай қарайсың?
2️⃣ Қазақстанда келесі жылы алты мыңға жуық жас жеңілдетілген микрокредит ала алады.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастар үшін жеңілдетілген микрокредит берудің жаңа тетігі енгізіледі.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Микрокредиттер кәсіпкерлікті бастағысы келетін не кәсіпкерлікпен айналысатын, тауарлар өндіретін, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету, сату және айырбастауды жүзеге асыратын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар үшін конкурстық негізде берілетін болады.
Микрокредиттер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5% — дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы 5 млн теңге. Несие алу үшін кепілдің болуы міндетті. Микрокредит кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Сондай-ақ негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредиттеу мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бірінен) аспайды.
Жалпы алғанда, 2023 жылға арналған республикалық бюджетте жастарды микрокредиттеудің осы тетігін іске асыру үшін 28 млрд теңгеден астам қаражат көзделген, бұл 5,7 мыңнан астам жастарды жеңілдетілген микрокредитпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Микрокредит берудің жаңа тетігі енгізіледі екен.👍🔥
3️⃣ 2023 жылдың қаңтарында қазақстандықтар үш күн – 1, 2 және 3 қаңтар демалады.
1 қаңтар жексенбіге түседі, сондықтан мереке 3 қаңтарға ауыстырылды.
Жаңа жылдық мерекелер барлығы төрт күнге созылады: биыл 31 желтоқсан сенбіге түсіп тұр, сондықтан бес күндік жұмыс аптасы барлар тағы бір күн демалады.
Православ Рождествосы 7 қаңтарда тойланады. Бірақ биыл ол сенбіге сәйкес келіп тұрғандықтан, ауыстыру қарастырылмаған.
Жаңа жылға қандай жоспар?😍